Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынына байланысты сайлаушылар өзге учаскілерде дауыс бере алады

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2015
  • 1184

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысымен кездесті. Қуандық Тұрғанқұлов Корнелия Йонкерді президент сайлауына әзірлік жұмыстарымен таныстырды. Өз кезегінде, Йонкер ханым ОБСЕ-нің аралық есептемесі дайын екенін жеткізді. Ол ұйымның ресми сайтында жарияланған.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Еліміздің бірқатар аймақтарын әбігерге салған тасқынға орай, есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаттарына өзгерістер енгізілгені белгілі болды. 

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Қалыптасқан ахуал да бақылауда. Бүгін есептен шығару куіләктеріне қатысты қаулы қабылдадық. Бұған дейін жалпы сайлау кампаниясының шеңберінде куәліктер санын 1 пайыз көлемінде лимиттесек, бүгін лимиттеуді алып тастадық. Қиын жағдайға тап болған сайлаушылар өздерінің конституциялық құқығын, яғни сайлау құқығын жүзеге асыра алады.

Сондай-ақ, отырыс барысында кандидаттардың сайлауалды кампанияларының ақпараттық таратылымы туралы да айтылды. Аралық бақылауға сәйкес, 26 наурыз бен 16 сәуір аралығында республикалық және жергілікті мас-медиаларда сайлауға қатысты 15 мыңнан астам материал жарияланыпты. Оның ішінде кандидат Назарбаевтың үлесі 36, кандидат Сыздықовтың үлесі - 33, ал кандидат Құсайыновтың үлесі 31 пайызды құраған. Еске салайық, президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА