Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен Ұлттық банк төрағасын қабылдады

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2015
  • 1042

Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен Ұлттық банк төрағасын қабылдады. Басқосуда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал талқыланды. Әлемдік нарықта басты экспорттық тауарлардың арзандауына байланысты, республика бюджетін қысқарту мәселесі басты тақырып ретінде қаралды.

Қоғамда ұзақ талқыланған бюджетті қайта санау жайы, ақыры бірқатар әлеуметтік-инвестициялық жобалардың кейбірін тоқтата тұрумен тынбақ. Ал кейбірінің орындалуы қатаң қадағалауға алынады. Мәселен, бүгінге дейін құрылысы басталып, алайда соңына жетпеген ауруханалар мен мектептер тапсырылуы тиіс. Жоспардағы нысандар құрылысын дағдарыстың беті қайтқанға дейін қалдыра тұру жайлы шешім қабылданды.

Сондай-ақ Президент түрлі әлеуметтік топтарға төленетін әлеуметтік-қаржылық көмектің мақсатты жұмсалуын, тиісті орынға жетуін қатаң қадағалауды тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет жатып ішерлер мен мемлекеттен көмек сұрауға әбден дағыланғандармен жұмысты реттеуі тиіс. Мемлекет басшысы алдағы бірнеше жылдың оңай болмайтынын тағы да ескертіп, азаматтарды үнемдеуге үндеді. «Ал мемлекет өз тарапынан қиын-қыстау кезеңді басынан өткеруге әзір деп түйді», - Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

И здесь мы должны четко разъяснить и честно народу говорить, что сейчас мы приступим к экономии во всем. Ну, во-первых, придется кое-какие строительные наши дела на время свернуть до лучших времен. Пройдет кризис, а он долго не бывает, снова начнем над этим работать.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы жағдайды қатаң қадағалап, сараптап отыруды, сондай-ақ монетарлық саясат жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Ұлттық банк валюта айырбастау бағамының 2015 жылы күрт өзгеруіне жол бермейді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ