Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына «Жас Отан» жастар қанаты да үлес қосуда

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2015
  • 2438

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына «Жас Отан» жастар қанаты да үлес қосуда. Еліміздің әр өңірінде белсенді жастар қарт майдангерлердің отбасына барып, көмек көрсетуге кірісті. Бірі қар тазалап, отын-суын дайындап берсе, енді бірі үй ішін ретке келтіріп, зейнеткерлерді қуантты. Жас буынның шынайы ықыласына қариялар жағы дән риза. Келген ұл-қыздардың көңілін аулап, өнегелі әңгіме, естеліктер айтып берді.

Керекудегі Жақыповтар отбасы ұл-қыздарды осылай көңілді қарсы алды. 89 жастағы Төкен ақсақал белсенділерге естелік суреттерін көрсетуде. 16 жасында майданға аттанған ол, «сол кездегі арманым - анамды аман көру еді» деп, еске алады. Алла ғұмыр беріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отыр.

Шалқамнан түсе жаздадым. Рас! Қайдан келді, кім шақырды дегендей. Рахмет осындай бізге қамқор болып, осындай келіп жатқандарына.

Қолына күрек алған жастар ардагердің ауласын тап-тұйнақтай етті. «Үйілген қарды аршуға шамамыз жетпегендіктен, жүріп-өтетін аумақты ғана тазалайтынбыз»,- дейді қария. Енді көктемге дейін бұл мәселеге бастары ауырмайтын секілді.

Серік Әлкенов, «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалы «Жас Отан» ЖҚ менеджері:

Осы қариялар бізді бейбітшілікке жеткізді ғой. Қар тазалап, отын жағып беріп дегендей. Су тасып алып келдік. Сондай жұмыстарды біз жасап жатырмыз.

Ардагерлерді қамқорлыққа алып, көмек беру акциясына қызылордалық ерікті жастар да ат салысты. Белсенділер жиырмаға жуық қарт жауынгердің отбасына барып, үйлерін әктеп, қораларын жинап берді. Тіпті, игі шараны көктемде де жалғастыру ойларында бар. Ал қариялар еңбекқор балаларға бата беруден жалыққан емес.

Жұбандық Нұрәлиев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Оншақты жыл бұрын қатарымыз Қызылорда облысында мыңның үстінде еді. Қазір еңді осы 47-48 адам қалды дейді. Арамыз өте сиреп барады. Біздің көрген қиындығымызды кейінгі жастар көрмесін.

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қолға алынған шараны өскемендік жастар да қолдады. Сабақтан кейін бірнеше топқа бөлінген еріктілер қарт майдангерлерге қолдан келген көмегін аямады. Бірі отын әзірлесе, келесілері дүкенге барып қажет азық-түгілін әкеп берді. Ал үй-ішін ретке келтірген ұл-қыздарды қариялар да бос жібермеді. Дастархан жайып, үлгі боларлық естеліктермен бөлісті. 

Данияр Саримов, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы: 

Ардагерлермен жақын араласа бастадық. Оларға сұрақ қойып, өткен тарихты зерделеп, өзімізге қажет сабақ алудамыз. Біздің басты мақсатымыз - аға буынға құрмет білдіріп, қолдау көрсету. Өйткені олар біздің болашағымыз үшін күресті.

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қолға алынған бұл шара республиканың барлық аймақтарында жүріп жатыр. Жас отандықтардың айтуынша, игі істен бірде бір ардагер тыс қалмайды. Барлық қарт майдангерге қажетті көмек көрсетілмек.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Шәрипа САҚТАПОВА, Ирина ЯКУНИНА