Игорь Школьник Ресейдегі Орск мұнай өңдеу зауытын «Русснефть» компаниясына сатты. Осылайша, алпауыт
компанияның президенті Михаил Гуцериев «Орскнефтеоргсинтез» зауытын өз қарамағына алды.
Бұл туралы «Коммерсантъ» газеті ақпарат таратуда.
Айта кетейік, Игорь Школьник Қазақстанның Энергетика министрі
Владимир Школьниктің ұлы. Сауда-саттық
құны нақты қанша соманы құрағаны әлі айтылған жоқ. Алайда, дереккөздер
оның мөлшері 1 млрд. долларға жуықтайтынын айтқан.
«Русснефть» тарапы жағдайға қатысты әлі ресми түсінік берген
жоқ. Басылымға бұл ақпарды жеткізген дереккөз Гуцериевтің онсыз да бұл зауытты
бақылауында ұстап келгенін айтады. Енді ол тек активтерді ресми түрде өзіне
рәсімдесе керек.
«Орскнефтеоргсинтез» - Ресейдің Орынбор
облысындағы аса ірі кәсіпорын. Әрі
Ресейдің мұнай өңдеу нарығында өзіндік орны бар алпауыт зауыттардың бірі.
Жылдық қуаты 6,6 млн тонна қара алтын өңдеуге қауқарлы. Игорь Школьниктің қарамағына
бұл зауыт 2011 жылы өткен болатын.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА