Елордалық «Барыс» командасы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Бұған
дейін қатарынан екі ойында ұтылған Андрей Назаровтың шәкірттері бұл жолы Уфа
қаласының «Салават Юлаев» клубын қабылдап, 3-2 есебімен жеңіске жетті.
Самат Қанағатов толықтырады: «Барыс» командасының турнир кестесіндегі басты
қарсыласы «Салават Юлаев» клубы Астанаға қонаққа келді. Командалар биылғы
маусымда төрт мәрте кездесіп, 2-2 есебімен тең түсті. «Қазақстан» спорт
сарайында өткен кездесу тартысты өтті.
Алма-кезек шабуылдарға қарамастан,
командалар алғашқы екі кезеңде есеп аша алмады. Соңғы үзілістен тынығып шыққан
айдын иелері ұрымтал сәттің бірінде есеп ашты. Голдың авторы Роман Старченко.
Бұл шайбадан кейін шабыттанған қазақстандық ұжым келесі сәтте есепті
еселеді. Бұл жолы алыстан мықты соққы жасаған Укевин Даллмэн мүлт кетпеді.
Бірақ, қуаныш көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан ресейлік клуб небәрі
5 минуттың ішінде таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен, Евгений Скачков
есепті бір шайбаға дейін қысқартса, артынан Антон Слепышев шеберлігімен
танылды.
Дегенмен, өз жанкүйерлерінің алдында
намысқа тырысқан «Барыс» командасы кездесудің аяқталуына санаулы
минуттар қалғанда жеңіс шайбасын соқты. Бұл сәтте Николай Антропов кездесуді
тамашалауға келген төрт мың жанкүйерді қуанышқа бөледі.
Бұл жетістігінен кейін "Барыс" командасы турнир кестесінің 6-шы
сатысына көтерілді.
Самат ҚАНАҒАТОВ