Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына қасқырлардың шабуы жиілеп кетті

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2015
  • 1305

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына қасқырлардың шабуы жиілеп кетті. Жергілікті қариялар түз тағысының адам баласына тап беруі сирек кездесетін құбылыс дегенді айтады. Жуырда екі жергілікті тұрғын қасқыр шабуылынан аман қалған. Бүгінде олар Аягөз аудандың ауруханасының хирургия бөлімінде емделіп жатыр. Алаңдаған бұқара ауылдарына аңшыларды жіберуді сұрап отыр. Сөздерінше, елді мекеннің маңын торуылдаған жыртқыштың қарасы қалың.

Озат Қырықбаевқа бірнеше ота жасалды. Қазір жағдайы тәуір. Айтуынша, қасқырмен арпалысы әлі күнге дейін көз алдында. Таң ата үйден әйелімен шыққан ол бір көлеңкені байқапты. Әуелде ит деп ойладым, бірақ қасқыр екенін түсінгенде, әйеліне «қаш» деп айтып үлгерген. Төрт аяқты жыртқыш бірден өзіне тап береді.

Озат Қырықбаев, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны:

Мені жерге құлатты. Бетіме тап беріп, жағымды жұлып алды. Қайта жүгіргенде, екпінмен есікке ұмтылдым. 

Озаттың әйелі Гүлмира енді далаға шығудан қорқады. Қорқау қасқырлар әр жерден көзіне көрінетінін айтып, үрейін қашыруда.

Гүлмира Дулатова, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны:

Алғашында біз оны  ит деп ойладық. Бірақ кейін ырылы мен ақсиған тістерін көргенде, түсіндік. Жолдасым үйге кір дегені есімде. Сосын жыртқышпен алыса кетті.  

Аңшылар қыс түскелі Аягөз ауданының маңынан бірнеше қасқырдың көзін құртыпты. Жыртқыштардың қысты күні елдегі ағайынның малын қырып тастайтыны жаңалық емес. «Бірақ адамдарға шабуылдауы - бұрын болмаған жайт», - дейді аңшылар.

Василий Ткаченко, ШҚО аңшылық одағының маманы:

Бұл соңғы жылдары болып отырған алғашқы оқиға. Бұрындары қасқыр не құтырған, не жараланған кезде ауылға жақындап келетін. Маңайда мал болған шығар. Негізі олар қасымызда жүреді, тек адамдар көбін байқамайды немесе көрмейді.

Қасқырдың адамға шабуылынан соң, бүгінде үш бірдей ауданның тұрғындарын үрей басқан. Тіпті ауыл ішінде жалғыз-жарым жүруден қорқады. Көшелер жарықтандырылмағандықтан, балаларын мектепке апарып-әкелуді әдетке айналдырған. Тіпті, дүкендерге де әйелдер ер адамсыз бармайды.

Серікқайша Мамырбаева, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны:

Қорқамыз. Бізге аңшыларды жіберсе ғой. Қасқырларды атып, бізге көмек көрсетсе екен. Көшелерге жарық тартса. Әсіресе, балалар үшін алаңдаймыз.

Аңшылардың есебінше, ауданда мыңнан астам қасқыр бар. Өңір әкімдері жыртқыштарды ату туралы өтініш те жіберген. Ал, әзірге елдегі ағайын ауыл ішінде шұғыл топтарды жасақтады. Осылайша олар үй-жайы мен малдарын қорғап қалуға тырысуда.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ