Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны» ратификациялады

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2015
  • 1227

Бұдан былай азаматтарды мүгедектік белгілеріне қарап кемсітуге заңмен тиым салынады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны» ратификациялады. Аталмыш конвенцияны БҰҰ Бас ассамблеясы 2006 жылы қабылдаған. Қазіргі уақытта бұл құжатқа 151 мемлекет жүгінеді. 


Конвенция мүгедектерге кең мүмкіндік береді. «Оның ішінде қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне басқалармен бірдей қатысуға жол ашады. Көлікке, ақпарат пен байланысқа, халық үшін ашық нысандарға немесе ұсынылатын қызметтерге барлығымен теңдей қол жеткізуге кепілдік береді», - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова. Ал депутаттар болса, өз қатарларына мүгедек жандардың қосылып, әлеуметтік-саяси шешімдер қабылдауына қарсы емес. Кей өңірлерде мұндай тәжірибе барын да айтады.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қостанай қалалық мәслихатында арбаға таңылған мүгедектердің өкілі бар. Біз мұндайды қолдаймыз, қажеттілік деп қараймыз. Олар да шешім қабылдауға қатысуы керек. Ал конвенция мүгедектерге саяси құқық береді.

Десе де, әзірге арбаға таңылғандар Парламент ғимаратына өз бетінше көтеріле алмайтын сияқты. Мұны халық қалаулылары да мойындайды. Айта кетейік, Қазақстанда 627 мың мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген.

Владислав Косырев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі:

Парламенттің өзінде мүгедектерді қабылдау мәселесі шешімін таппаған. Пандустар барлық жерде орнатылған. Бірақ стандартқа сай емес. Іштегі дәретхана мен асхана да кемтар жандарға ыңғайланбаған. Жалпы мүгедектерге қатысты қоғамда шешілмеген мәселелер Парламентте де кездеседі.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ