Русский Сайттың толық нұсқасы

АН-2 апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованы бүгін таңғы сағат 6-да Астанаға жеткізді

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2015
  • 1093

Санитарлық авиация Жамбыл облысындағы АН-2 апатынан аман қалған жалғыз жолаушыны бүгін таңғы сағат 6-да Астанаға жеткізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері Сейсен Ақпаев - тасымалдау кезінде Әсем Шаяхметованың халі тұрақты болғанын айтады. Зардап шегуші қазір Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханада жатыр.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігерлер науқастың жағдайын «тұрақты-ауыр» деп бағалауда. 3 дәрежедегі зақымданудан есеңгірегендіктен, қазіргі уақытта жағдайын тұрақтандыру мақсатында консервативтік терапия жүргізілуде - делінген баспасөз хабарламасында. Науқасқа тағы операция жасалмақ.

Еске салайық, қарағандылық «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі АН-2 ұшағы өткен сейсенбіде Жамбыл облысында «Шатыркөл» кен орны ауданында апатқа ұшырады. Ұшақта «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлері болған.

Алдын-ала болжам бойынша ұшақтың құлауына тұман себеп болған болуы мүмкін. Апаттан 3 экипаж мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының 3 қызметкері қаза тапты. Аман қалған «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бас геологы Әсем Шаяхметова ғана. Қазір апатқа қатысты тергеу жүргізілуде.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ