Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы
сөйлесті. Әңгіме барысында Қазақстан-Америка қарым-қатынасының перспективалары, халықаралық күн тәртібіндегі
өзекті мәселелер қарастырылған.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Екі елдің көшбасшылары
Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Украина, Ресей, Германия және Франция
басшылары деңгейіндегі келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін мәселемен айналысып
жатқанын айтты.
Америкалық әріптесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын
іздестіруге белсенді қатысуды өтінді. Ресейге қатысты экономикалық санкциялар
Орталық Азия өңіріне де ықпал етіп жатқанына тоқталды.
АҚШ Президенті Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын
айтты. Бұл үшін бірінші кезекте Минск келісімін орындау қажеттігін атап өтті.
Барак Обама сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы
күш-жігерін жоғары бағалады. Қазақстан басшысының Украинадағы қақтығысты бейбіт
жолмен шешу ісіне белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді. Ақорданың
баспасөз қызметі «Телефон арқылы сөйлесу ұсынысы Америка тарапынан түскенін»
хабарлады.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА