Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәдениет және спорт министрі лотерея ойынын көлеңкеден шығарып, сол арқылы қазынаны толықтыруды ұсынды

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2015
  • 1984

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы лотерея ойынын көлеңкеден шығарып, мемлекетке телуді және сол арқылы қазынаны толықтыруды ұсынды. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң жобасына өзгертулер енгізу мәселесі депутаттардың ерекше қызығушылығын туғызды. Министр лотерея ойнатуға рұқсаты бар 70 компанияны 3 ұлттық оператордың қарамағына біріктіруді ұсынбақ. Осылайша, лотерея ойнататындарды табысынан міндетті салықтан бөлек, мемлекет пайдасына лотереялық төлем талап етуге болады, дейді. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Лотереядан түскен табыс мәдениет пен спорттың дамуына, білім, денсаулық сақтауға бөлінетін мемлекеттік бюджеттің біраз бөлігін жабады. Мысалы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасына жұмсалған қаражаттың 23 пайызы лотерея табысынан төленген.

Ұлттық операторлар министрлік жанынан құрылмақ. Яғни мүдделі жеке кәсіпкерлер өз қаражатына билеттердің қозғалысын бақылап, құзыретті министрлікке есеп беріп отыратын орталық құруы тиіс. Билет сатылымының 50 пайызы міндетті ұтысқа тігіледі, ал ұтқан адам ұтысының 10 пайызын мемлекетке салық ретінде аударады. Оператордың табысынан министрлік тағы төлем алуды көздейді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қаржылық жағдайда мүлт кетпейтін формула. «Заң жобасының жолы болмаған ойыншаларға да жұбанышы бар», - дейді министр. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Заң қабылданған күнде, ұтылған адам ақшасының далаға емес, елдің әлеуметтік мұқтаждығына кеткенін біледі. Яғни мемлекеттің пайдасына ұтылдыңыз. Адамның ұтылысты қабылдауының психологиялық күйін өзгертеміз.

Құмар ойынға әуес отандастарымыздың артық ақшасын мемлекет мүддесіне пайдалануды көздейтін заң жобасы Мәжілістің жұмыс комиссиясында жетілдірілетін болды. Ал «лотерея тамаша табыс көзі» деген министр, құмар ойынға құмарлығы жоқтығын айтты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Не сторонник азартных игр. Я как-то более предпочитаю, вот мои студенты стоят, читать книги, заниматься спортом. Но я честно вам скажу, я даже не умею играть в карты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ