Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат жастар саясаты туралы заң жобасын мақұлдады

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2015
  • 1555

Парламент Сенаты мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын мақұлдады. «Заңның жаңа нұсқасында жастар хұқықтарын, заңды мүдделерін қорғау мәселелері қорғалған», - дейді құжат авторлары. Жастарды енді елдің экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне етене тарту көзделіпті. Әйтсе де, ең қызу талқыланғаны - жастардың әлеуметтік ахуалы турасындағы баптар болды. Депутаттар жастарды жұмыспен, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері заң жобасында басым бағыттар қатарына енгенімен, оны іске асыру тетіктері айқындалмаған деген пікірде. Тақырыпты тілшіміз Жұрағат Баман тарқатады.

Көкшетау қаласының 26 жастағы тұрғыны Азамат Түлкібаевтың мамандығы - экономист-қаржыгер. Елордаға қоныс аударғанына екі жылдың қасы болса да, қос қолға қызмет таппай жүргендердің қатарында ол. «Жұмыс жоқтан тұрмыс та, отбасын да құрмадым, нәтижесінде мемлекеттік қолдау, тұрғын үй бағдарламаларынан да қағылып отырмын», - дейді.

Азамат Түлкібаев:

2009 жылы оқу бітіріп, Көкшетау қаласында академия «Көкше» университетін бітіріп, Көкшетауда жұмыс таба алмай, Астанаға келдім. Осында қаржыгер мамандығымен жұмыс таба алмадым. Жұмыс жоқ. Екі жыл болды, мамандығыммен жұмыс таба алмай жатырмын.

Жастар саясаты туралы заңды қабылдау кезінде Азамат секілді жастардың мәселесі тағы сөз болды. Сенатор Қуаныш Айтаханов жаңа заңдағы шикіліктерге тоқталды. «Мәселен, заң жобасында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету механизмі көрсетілген. Алайда оны жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыреті белгіленбеген», - дейді депутат.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту заң жобасының төртінші бабының мемлекеттік жастар саясатының негізгі тоғыз бағытына кірген. Бірақ оны кім айқындайды, кім оны шешетіні көрсетілмеген. Жаңа айттым мен, ол жергілікті атқарушы органдар шұғылданады немесе жаңағы заңда қаралған дейді. Жаңа министр де сөйтіп жауап берді. Қаралмаған ол жерде еш нәрсе!

Депутаттың ескертуіне заң жобасы турасында баяндама жасаған еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жауап берді. Айтуынша, жаңа заң жобасында жастарды баспанамен қамтамасыз ету тетіктері қайта қаралып, ол істі атқару құзыреті Ұлттық экономика министрлігіне өтпек. Алайда Сәрінжіповтың бұл мардымсыз жауабы депутаттың көңілінен шықпады.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Тұрғын үй бағдарламаларын әзірлегенде осы мемлекеттік орган, осы заң шықса, сол мәселелермен айналысады. Сондай құзыретті біз оларға береміз.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ол заңда, керек болса, жастар деген бір ауыз сөз жоқ. Он беттік заңда. Мен іздеп таба алмадым жастар деген сөзді. Кім шұғылданады сонда жастарменен? Баспана - ең негізгі мәселе. Негізгі бағыт деп айқындаймыз, ал негізгі бағытты шешу жолдарын қарауымыз керек қой мына заң жобасында.

Ал сенатор Ақан Бижанов, керісінше, заң жобасын қолдаушылар қатарында. Айтуынша, жаңа мемлекеттік жастар туралы заңда үкімет жастардың баспана мәселесін шешу жолдарының тиімді механизміндерін нақты көрсеткен. Тіпті тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқан көрінеді.

Ақан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Үкімет табысы аз азаматтарға, олардың ішінде ең алдымен жастарға арналған қол жетімді тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуде. Жылына 6 миллиондай шаршы метр тұрғын үй көтеріледі, оның 1 миллион шаршы метрі осы бағдарлама бойынша жастарға бөлінбек.

Баспана мәселесінің басын ашып алған сенатор Айтаханов жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын да алға тартып, осы жөнінде бірқатар ұсыныстарын да айтты.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында, мысалы, жас кәсіпкерлерге арзандатылған несие беру. Бизнестің алғашқы бастаған жылдарында бірінші-екінші жылында салықтан жеңілдік беру мәселелерін шешу керек шығар, мысалы. Ол жас кәсіпкерлердің аяқтан тұрып кетуіне, жұмыссыздықтың азаюына, шағын бизнестің дамуына оң әсерін тигізген болар еді.

Айта кетейік, жастар саясаты туралы заң жобасын Білім және ғылым министрлігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі комитет үш жылдан астам уақыт бойы әзірлеген. Құжатта ең алдымен жастарды жұмыспен қамту, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын-үй жүйесін дамыту мақсатында жасалған болатын. Бүгін сенаторлар құжатты екі оқылымда мақұлдады.

Жұрағат БАМАН