Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұрқасын мен қатты аяз Қазақстанның барлық аймақтарына жетті

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2015
  • 2234

Бұрқасын мен қатты аяз Қазақстанның барлық аймақтарына жетті. Осыған орай, төтеншеліктер тұрғындарды сақ болуға шақырады. Шығыс пен Орталық облыстарда желдің жылдамдығы секундына  20 метрге жеткен. Оңтүстікте тұман мен көктайғақ. Синоптиктер бүгін Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында ауа температурасы 20-25 градусқа дейін төмендейтінін айтуда.

Шығыста толассыз жауған қар көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Тек бір тәулік ішінде қар құрсауынан 30-дан аса көлік құтқарылды. Абырой болғанда адамдар аман. Бүгінде боран салдарынан облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабылған. Онда ауыр техникалар кезекшілік жасауда.

Құтқарушылар тұрғындардың алыс сапарға шықпауын ескертеді. Қатты аяз қаңтар айының соңына дейін жалғасады дейді мамандар. Болжам бойынша, суық ауа-райы ақпанның алғашқы онкүндігінде де сақталуы ықтимал. Тіпті, елдің оңтүстігінде сынап бағанасы түнде минус 30 градусқа жақындауы мүмкін.

Любовь Бухтоярова, «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының инженер-синоптигі:

Қазір Батыс Сібірден арктикалық антициклон өтуде. Оның әсерінен қар жаууы тоқтап, күн күрт суытады. Ауа температурасы түнде 25-30, кей жерлерде  38 градусқа төмендейді.  Павлодар мен Солтүстік Қазақстанды да сарышұнақ аяз күтіп тұр. Мұнда минус 38 тіпті, кей аумақтарда минус 40 градус аяз болады деп күтіліп отыр.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА