Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда авиа отын бағасы төмендесе де әуе билетінің құны қаз-қалпында қала бермек

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2015
  • 1587

Қазақстанда авиа отын бағасы төмендеді. Алайда әуе билетінің құны қаз-қалпында қала бермек. Бұл туралы біздің арнамызға "Air Аstana" әуе компаниясының өкілі Тілек Әбдірахманов хабарлады. Айтуынша, авиа отын құны әуе билеті бағасының үштен бір бөлігін құрайды.

Яғни компанияның шығындары толықтай өтелмейді. Сондықтан авиа керосиннің төмендеген бағасы бірнеше ай бойы тұрақтанып тұрса ғана, компания тарифтерді қайта қарайтын болады - деді ұлттық әуе тасымалдаушы компания өкілі. Елімізде авиа отынмен қатар жанармай бағасы да төмендеді.

Мәселен, Алматыда бірқатар жанармай құю станциялары АИ-92 бензинінің бағасын 105 теңгеге дейін түсірді. Бұл туралы Тэнгриньюс Kolesa.kz порталына сілтеме жасап хабар таратты. Бұндай жағдай ресей рублі бағамының өзгеруімен байланысты болуы мүмкін деп жазады дереккөз.

Бензин бағасының арзандауы өзге қалаларда да байқалған. Мәселен "Отырар.kz" порталының дерегінше, Шымкентте АИ-92 маркалы бензин 109-дан 107 теңгеге дейін төмендеді. Қызылордада дәл осы маркалы жанармай 108 теңгеден сатылуда.

Айта кетейік, жуырда  энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин біздегі жанармай бағасы ресейлік нарықтағы өзгерістерге орай, ай сайын реттелетінін айтқан болатын. Еске салсақ, Қазақстанда жанармай бағасы соңғы рет 2014 жылдың желтоқсанында арзандады.

Жұрағат БАМАН