Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүниежүзілік экономикалық форум барысында Кәрім Мәсімов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2015
  • 1225

Ресейліктер жаппай жұмыссыздыққа дайын болулары керек. «Давос форумы барысында елдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов осындай мәлімдеме жасады», - деп хабарлайды Рейтерс. Шуваловтың айтуынша, көпшілік жағдайды әлі терең ұғынған  жоқ. «Жұмыссыздар қатары артатынын түсіну керек», - дейді үкімет өкілі.  Сөзінше, Ресей 2008-2009 жылдары болған дағдарыстан сабақ алған жоқ. Агенттік оның келесідей сөзін келтіреді: «Ресей аса қиын жағдайда. Елдің экономикалық жағдайы бұдан да бетер күрделене түсуі әбден мүмкін. Қайтадан 2009 жылды қайталаудың аз-ақ алдындамыз. Негізгі экспорттық тауарларымыздың құны көтеріліп, жағдай тұрақты көрінуі мүмкін. Дегенмен мәселе қиын».

Айта өтейік, 19 қаңтарда Ресей үкіметі жұмыссыз қалғандарды қолдау үшін, қазынасынан 52 миллиард рубль бөлген. Ресей статистика агенттігінің келтірген соңғы мәліметі бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Яғни 4 миллионға жуық адам тұрақты табысынан айырылған.

Еске салайық, Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік экономикалық форум жұмысына Премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысуда. Ол жиын басталғалы бері бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бүгін Үкімет басшысы Түрік Республикасының премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлымен жүздесті. Тараптар мемлекетаралық қатынастардың барлық саласында өзара тиімді әріптестікті арттыруға екі жақтан да ұмтылыс өрістеп отырғанын білдірді. «Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов бүгін «Ernst&Young» компаниясының директорлар кеңесі төрағасымен, JPMorgan бас атқарушы директорымен де кездесті», - делінген Үкімет сайтында жарияланған ақпаратта. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА