Русский Сайттың толық нұсқасы

Израиль Ресей мен Украинаға арағайын болуға әзір

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2015
  • 983

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайдың ушығуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпарға сай, әсіресе бейбіт тұрғындардың қаза табуына әкелген атыстарды тоқтату керек. «Дағдарысты жағдайды реттеуде бейбіт келіссөздерден басқа жол жоқ екеніне кәміл сенімдіміз», - делінген ресми мәлімдемеде. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, «тараптар түйіткілді Минск келісімінде көзделген міндеттерді орындап, шешу керек», деген ұстанымда. Украина дағдарысын реттеу мақсатында Қазақстан тараптарға қолайлы, кез-келген форматта және кез-келген уақытта келіссөздер өткізу алаңы болуға дайын екенін де хабарлады.

Арағайын болуға ниетті тағы бір ел бар. Израиль екі елді татуластырмақ ниетте. Осындай мәлімдемені Израиль сыртқы істер министрі Авигдор Либерман жасады. Бұл жайында РИА-Новости хабарлайды. Министрдің айтуынша, Израильдің Ресей-Украина қарым-қатынасына қатысты бейтараптығы - ең ұтымды позиция. «Екі елмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Мәскеу де, Киев те бізге сенеді»,- дейді ол.

Айта өтейік, Израиль Ресейге қарсы санкция енгізген емес. Бұл ел билігі Украинадағы ішкі саяси дағдарысқа баға беруден де бас тартқан еді. Десе де, Ресей президентінің баспасөз қызметінің хатшысы Дмитрий Песков, Украинамен арада келіспеушілік жоқ, деп отыр. Сондықтан арағайын боларлықтай негіз жоқ. Песковтың бұл мәлімдемесін Интерфакс келтіреді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА