Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жедел шешімді талап ететін бизнестің өзекті проблемалары сөз болды

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2015
  • 1090

Ресей рублінің құлдырауынан қазақстандық кәсіпкерлер, экспортты айтпағанда, ішкі нарықты жоғалтып, кейбірі кәсібін тоқтатуға мәжбүр. Жедел шешімді талап ететін бизнестің өзекті проблемалары  Астанада сөз болды. Үкімет мүшелері мен кәсіп иелерінің басын қосқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2-ші съезі әдеттегі жоспарлы жиын емес, маңызды тақырыптар қамтылған  мәжіліс ретінде өтті. Жиналғандар пікірі қаржылық қиын кезеңде мемлекет пен жеке сектордың біріккен іс-қимылы қажет дегенге сайды.

Ресми жиында, бейресми көңіл күй. Жиналғандар бір-бірін жақсы таниды. Әрі бір-бірінің проблемасына да қанық. Кәсіпкерлер  мен мемлекет арасында "көпірге" айналуды көздеген палатаның кезекті съезінде талқылайтын тақырыптар мен үкіметпен бірлесе қабылдайтын шешімдер жетерлік. Біріншіден, шағын бизнес өкілдеріне тым ауыр тиген міндетті мүшелік жарнаны қысқарту қажет. Бүгінге дейін екі-ақ санат бойынша төленіп келген жарна бекіту шешімін тауып, жетілдірілді. Енді кәсіпкерлер жылдық табысына байланысты 10 санатқа жіктеледі. Жалпы алғанда, міндетті төлемдер 60 пайызға қысқарған. Көп кеңескен делегаттар жарнаны жеке кәсіпкердің қабырғасына батпайтындай етіп бекітті. Дауысқа салынған кезекті мәселе палатаның атауына қатысты болды.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:

ҰКП - «Атамекен» экономикалық палатасының жетістіктері негізінде құрылған ұйым. Сондықтан ҰКП атауын «Атамекен» қылып өзгерту туралы ұсыныс бар.

Ұсыныс бір ауыздан қабылданды. Кәсіпкер атаулының бас ауруына айналған сұрақтың бірі - көршілес Ресей рублінің құлдырауы. Бұл қазақстандық кәсіпкерлердің де «қалтасына қол салып отыр».

Райымбек Баталов, «RAIMBEK GROUP» компаниясының басшысы:

Ресейлік тауар Қазақстандікіне қарағанда, баға жағынан 30 пайызға бәсекеге қабілетті. Алайда сапа жағынан алғанда, біз үлкен күмәнмен қараймыз. Қазақстан үшін мақсатты түрде сапасы төмен тауар дайындау ол жақта бизнеске айналып отыр. Оны жаңа тауар, брэндтерден көріп отырмыз. Әрине, бұл, сөзсіз, қазақстандық тауар өндірушілердің үлкен бас ауруы.

Райымбек Баталов отандық бизнеске «шатқаяқтап» тұр деген сипаттама береді. Кәсіпкер жағдайды Ресей валютасының инфляциясын ескеріп, елімізде қайта есеп жүргізу сөзсіз шешеді, алайда бұл мәселеде салмақты саясат керектігін айтады.

Райымбек Баталов, «RAIMBEK GROUP» компаниясының басшысы:

Девальвацияға тоқталатын болсақ, нарықтан айырылып жатқан жайымыз бір, екіншіден, біз әлі де өткен жылдың ақпан девальвациясынан айыққан жоқпыз.

Ал палата басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев тұтынушыдан айырылмаудың екі жолын біледі. Теңге мен рубльдің ара қатынасын бұрынғы бағамына қайтару керек дейді, яғни төл валютаның рубльге шаққандағы арзандығы әлдеқайда тиімді деген пікірде. Ошақбаев: "Тек бұл палатаның емес, менің жеке пікірім", - деп сөзін түзеді.

Рахым Ошақбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Егер де қазір бұл жағдайды реттемесек, кеш қаламыз. Бұл теңсіздікті еркін реттелуге жіберуге болмайды. Бізде 2 жол бар. Біріншісі - Ресейде болған инфляция деңгейімен теңестіріп, теңгенің рубльге қатысты тарихи кешегі бағамын қайтару. Екіншісі - шекарада кей тауар түрлеріне кедендік шектеулер енгізу. Бұл - Ресейдегі форс-мажорға байланысты Кедендік одаққа қатысты ешқандай саяси астары жоқ уақытша қадам.

Кей тауар түрлеріне шектеу енгізу туралы бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев мәлімдеме жасады. Екі ел көлік, құрылыс заттары, құс еті сынды тауарлардың Қазақстанға импортын шектеу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Үкімет пен кәсіпкерлер палатасы осылайша отандық бизнеске көмек бермек. Шектеу - қазақстандық автоөндірісті сақтап қалатын жалғыз жол екенінен автокөлік компаниясының басшысы Андрей Лаврентьев те үмітті. 

Андрей Лаврентьев, «ALLUR GROUP» автокөлік компаниялары тобының президенті:

Менің ойымша, тоқтаусыз төмендеу трэнді әрі қарай жалғасатын сияқты. Бұл мәселені лезде реттей қоятын шешім бар деп ойламаймын. Қазақстан дағдарыс кезінде «Нұрлы жол» стратегиясы арқылы жауап берді. Осы бағдарлама аясында нақты жоспарымыз бар. Әрине, көрші елдің үкіметі де мызғып жатқан жоқ. 

Кәсіпкерлердің қазіргі ахуалы журналистерді де айрықша қызықтырған сынды. Көптеген ақпарды олардың айтқысы келмегеніне қарамастан, анықтауға тырысып жатты. Айтпақшы, жақын арада Ресейде біздің кәсіпкерлердің мүддесін көздейтін Ұлттық палатаның филиалы ашылуы мүмкін.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ