Русский Сайттың толық нұсқасы

Сириялық босқындарды ең көп қабылдаған ел - Түркия

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2015
  • 1626

Сириядағы қақтығыстан зардап шеккен халық бас амандығын күйттеп ел кезіп жүр. Соңғы мәліметтерге сай, олардың саны алты миллионнан асқан. Төрт жарым миллиондайы шекара асып, өзге елдерді паналауда. Сириялық босқындарды ең көп қабылдаған Түркия. Бірақ жұмыссыз әрі баспанасыз жүргендердің күн көрісі күрделі мәселеге айналды. 

Соңғы апталарда күн суытып, басында баспанасы бар түрік жұртының өзін тоңдырғаны белгілі. Ал далада түнеп, бұрыш-бұрышқа тығылған сириялық босқындардың көбісін үсік шалып, бірнешеуі көз жұмды. 

Талат Усман, Босқын:

Сириядан бір ай бұрын келгенбіз. Бес балам бар. Қиналғасын, жергілікті әкімдіктерге бардық. Ешқандай  көмек жоқ деді. Амалсыздан далада от жағып, жылынып отырамыз. Бәріміз ауырып қалдық.

Босқындар түрік тілін білмейді. Сондықтан жұмыс табу да қиын. Аяныш білдірген жергілікті тұрғындар ауысқан тамағын әкеліп беруде.

Махсум Шен:

Шиеттей бала-шағасын көріп, жүрегің ауырады. Жанынан жәй қарап өте алмай, ең болмағанда, ас әкеліп, көмек берем.

Алақан жайып, нан тауып жүрген босқындар алданып та жатыр. Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында қырықтан аса сириялық отбасы жалға алып отырған пәтерінен қуылды. Олар, қыс басталмай тұрып, белгісіз біреуге 40 отбасы жабылып, 10 мың доллар жинап берген. Ақшаны алған алаяқ, алаңдамай жарығы мен жылуы және газы жоқ ескі ғимаратта тұрасыңдар деп, тайып тұрған.

Күнімізді зорға көріп жүрсек те, ай сайын 200 доллардан есептеп пәтер ақысын бергенбіз. Енді ақша да, ол адам да жоқ. Ал әкімдіктегі мамандар үйдің бұзылатынын айтып, сыртқа шығаруда.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жақында ғана Африка елдерін аралап қайтты. Сапарында Жибути елінің мәжілісінде сириялық босқындар жайын сөз етіп, еуропалық әріптестеріне қатысты назын айтты.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті  /24.01.2015 ж./:

Қазір сириялық босқындар саны - 1млн 700 мың адам. Оларды асырау үшін үкіметтен 5.5 млрд доллар  жұмсалды. Әдетте адам құқығы деп айқайлайтын Еуропа елдерінің көмегі қайда? Неге үнсіз?

Ердоған елдегі босқындар санын айтқанмен, олардың хал-ахуалына тоқталмады. Өйткені бұл мәселе бүгінде Түркияның бас тақырыбына айналды. Тіпті, қаптаған қайыршылар қаламыздың көркін кетірді, деп ренжіп жүрген жергілікті тұрғындар да аз емес.

Самат СҮЛЕЙ