Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда прокуратура қызметкерлері мен учаскелік полицейлер ел аумағында жүруге құқы жоқ 38 қытайлықты анықтаған

  • AstanaTV
  • 28 қаңтар 2015
  • 923

Атырауда құжатсыз қытайлар қаптап жүр. Қалалық прокуратура қызметкерлері мен учаскелік полицейлер ел аумағында жүруге құқы жоқ 38 қытайлықты анықтаған. Олар «Синопек» компаниясының мердігер мекемесінде жұмыс істеуге келіпті. Бірақ ішкі істер органдарында тіркеуден өтпеген.

Прокурорлар анықтағандай, келісімшарт мерзімі аяқталса да, еліне қайтуға асықпаған. Қаладағы жатақханалардың бірін паналағандар арасында әйелдер де бар. Құзырлы орын өкілдері олармен тілдесу мүмкін емес екенін айтады. Келімсектер қазақ, орыс, тіпті ағылшын тілін де білмейміз дегендей, кейіп танытқан. Олар аудармашы арқылы, құзырлы орган өкілдеріне «жетекшілерінің ел аумағынан әлдеқашан шығып кеткенін» айтқан. Оларды еліне қайтару «Синопек» компаниясына жүктелді. 

Жалғас Кикішев, Атырау қалалық прокурорының аға көмекшісі:

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару жөнінде қаулы шығарылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта 38 Қытай Республикасының азаматы, қаулы заңды күшіне енген соң, өздерінің елдеріне қайтарылады. Оларға 5 жыл бойына ҚР аумағына кіруге тиым салынады.

Базаркүл ІЗІМОВА