Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда өткен жылы тапсырылуы тиіс 11 көпқабатты үй әлі халыққа берілмей отыр

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2016
  • 2760

Атырауда өткен жылы тапсырылуы тиіс 11 көпқабатты тұрғын үй әлі халық игілігіне берілмей келеді. Осылайша 500-дей отбасы пәтер кезегін күтуге мәжбүр. Ал қалада баспана кезегінде 16 мың адам тұр. Биыл қанша отбасы қоныс тойын тойлайды? Базаргүл Нәдірқызы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды бақылап көрді. 

Жалғызбасты ана Айжанның баспаналы болу - басты арманы. Қос баласымен әркімнің босағасын сағалап шаршаған ол пәтер кезегін мүлт жібермей қадағалап жүр. Осыдан 6 жыл бұрын қалалық әкімдіктің баспана алу тізіміне 2000-шы болып тіркелген. Қазір тізімде 1094-ші болып тұрғанын айтты.

Айжан Бекешова:

Алты ай сайын тұрғын үй бөліміне барып, кезегімді білемін. Алайда өте баяу жылжып жатыр. Кәмелетке толмаған  екі бала тәрбиелеп отырмын. Баспанаға өте мұқтажбын. Бір үйден екінші үйге көшіп жүру кімге жақсы дейсің.

Қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі, баспанаға мұқтаж жандардың көшін 2000 жылы тіркелгендер бастап тұрғанын айтты. Оның үстіне өткен жылы тапсырылуы тиіс 1 350 пәтердің жартысы ғана ел игілігіне беріліпті.

Марта Нұрғалиева, Атырау қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі:

9 үй, демек 450 пәтер кезекте тұрған отбасыларына және банк салымшыларына бөлініп тұр. Ол үйлер техникалық жағдайларға байланысты тапсырылмай тұр. Осы жылдың көктеміне дейін тапсыру жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, оған қоса жалға берілетін 105 пәтерлі 2 үй де дайын тұрғанымен тапсырылмаған. Оның себебін құрылысқа жауаптылар үйлерді жарықпен қамтамасыз ететін электр станциясы құрылысының уақытында аяқталмауымен түсіндіріп отыр.

Елтай  Ғалымжанов, Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

НКОК компаниясы арқылы Нұрсая мөлтек ауданында подстанция салынды жаңадан. Ол Нұрсая мөлтек ауданын, Самал шағын ауданы бәрін қамтиды. Бүгінгі таңда сол подстанцияның жабдықтау жұмыстары толығымен  аяқталды. Тек подстанциядан тоқ көзін беруіміз керек. Ол ток көзін наурызға дейін беруіміз керек.

Ал кезек күтпей қарекет қылуға қол қысқа. Статистика департаментінің мәліметінше, жаңа пәтерлердің бағасы 2015 жылдың желтоқсанында алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 пайызға шарықтап кеткен.

Зәуреш Баймұқашева, Атырау облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы:

Тұрғын үй нарығындағы жаңа тұрғын үйлерді сату орташа бағасы бір шаршы метр үшін 353 468 теңгені құрады. Баға өсімі 2014 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда  43,4 пайызға өсуі байқалды.

Бұл нарықтың тұралап қалуына әкелді. Сондықтан аймақтағы жылжымайтын мүлік нарығы АҚШ ақшасынан бас тартып, теңгемен саудаласуға көше бастаған.

Айгүл Асанова, жылжымайтын мүлік агенттігінің сауда бойынша реэлторы:

Негізінен қазір жаңа үйлерден гөрі ескісіне, яғни пайдалануға берілген, адамдар тұрып жатқан баспаналарға сұраныс артты. Өйткені жаңасына қарағанда қолжетімді болып тұр.

Бүгінде қалада 16 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Олар - мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері, жетімдер мен апатты үй иелері. Ал тиісті орган мамандары биыл қанша баспана пайдалануға берілетінін айта алмай отыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ