Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында 10 сынып оқушысын жүкті қылған жігітке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2016
  • 1782

Жамбылда 10 сынып оқушысын жүкті қылған жігітке қатысты қылмыстық істі қарау тоқтатылды. Ақкөл ауылындағы кәсіптік колледждің 3-ші курсында оқитын студент енді алаңсыз сабағына баруды жалғастыра бермек. Оған Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-ші бөлігі, яғни «Кәмелетке толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу» дерегімен айып тағылған болатын. 17 жастағы студентке қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына тараптардың татуласуы негіз болған. Яғни жүкті болған қыздың ата-анасы жігітке қатысты ешқандай айып тақпайтынын айтып, полицияға арыз түсіріпті.

Болат Мұстафаев, Жамбыл облыстық прокуратурасының екінші басқарма прокуроры:

Күдікті өзінің қылмыстық әрекетін толық мойындағандықтан, оның әкелігін анықтау мақсатында тиісті сараптама тағайындалмаған болатын. Қылмыстық іс екі жақтың татуласуына байланысты, яғни күдіктінің жасаған әрекеті орта дәрежедегі қылмыс санатына жататындықтан, Қылмыстық кодекстің 35 бабы 1-ші бөлігі 12 тармағына сай өндірістен тоқтатылған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қабылданған қылмыстық істің заңдылығы Талас аудандық прокуратурасымен зерделенуде.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға биыл 13 қаңтар күні «Тараз-Ақкөл-Саудакент» тасжолында болған еді. Талас ауданы Үшарал ауылының 16 жастағы тұрғыны Тараз қаласына өгей анасымен бара жатып, көлік ішінде босанып қалған. Полицейлердің айтуынша, бойжеткеннің шешесі шақалақты автокөліктің терезесінен лақтырып жіберген. Сәбидің бас-сүйегі сынып, бірден бақилық болған еді. Облыстық ІІД мамандары осы әрекеті үшін 53 жастағы әйел 15-20 жылға сотталуы, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Қазір ол әйелдің ақыл-есін тексеруге қатысты сараптамалар Алматыда жүріп жатыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ