Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия өзге мемлекеттердегі түрік лицейлерін жабуға кірісті

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2015
  • 1668

Түркия биылдан бастап ел ішіндегі һәм өзге мемлекеттердегі түрік лицейлерін жабуға кірісті. Жиырма бес жыл бұрын дінтанушы Фетхулла Гүлен негізін қалаған білім ордасы алғаш рет Орта Азия елдерінде, кейіннен әлемнің әр бұрышында ашылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір 160 мемлекетте мыңнан аса мектеп бар. Бірақ олардың барлығы Түркия қолдайтын мектептер емес. «Сондықтан ресми Анкара қанша әрекеттенсе де, оларды түгел жауып тастау мүмкін емес»,- дейді жергілікті сарапшылар. Самат Сүлей тақырыпты сабақтайды.

Лицейлер жабылсын деген жарлық бір жыл бұрын сол кездегі Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғаннан түскен. Оған себеп - «Хызмет» қозғалысының жетекшісі Фетхулла Гүленмен арадағы саяси текетірес. Былтыр парамен ұсталған төрт министрдің ісіне билік басындағылардың қатысы бар деген Гүленді Ердоған ел үшін қауіпті деп, оның есімімен байланысты мектептерді түгел жабуға бұйрық берді.

Ахмет Дәуітоғлу, Түркия премьер-министрі:

Өкінішке орай, соңғы жылдары бұл оқу ордалары білім бергеннен гөрі, мемлекетімізді сынаумен көп айналысуда. Елдегі түймедей оқиғаларды түйедей етіп көрсетіп, саяси істерге араласа бастады. Бұл үрдіс бір емес, барлық лицейлерде орын алуда.

Жақында Ердоған Африканың бірнеше мемлекетіне арнайы барып, әріптестерімен келіссөз жүргізіп қайтты. Эфиопия билігіне «егер үкіметтік емес түрік лицейлері жабылса, орнына 100 пайыз Түркияның білім министрлігіне бағынатын мектеп ашып беруге әзірміз», - деді. Президенттің бұл әрекеті Түркиядағы саяси партиялардың шымбайына батты.

Октай Вурал, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, ұлттық қозғалыс мүшесі:

Бірнеше жыл бойы шетелде мемлекетіміздің кеңінен танылуына үлес қосқан білім ордасын не үшін жабады? Мектеп ашуға рұқсат берген елдерден арыз-шағым түспесе, кімге зияны бар? Нақты себебін неге айтпайды? Бұл - қаншама жыл еңбек етіп, еліміз үшін тер төккен азаматтардың құқығын таптау.

Түрік сарапшылары «Түркиядағы лицейлер жабылса, білім саласы айтарлықтай ақсап қалады» деген пікірде. Айта кетейік, алғашқы мектептер 90-жылдар басында шет елдерде жұмыс істейтін түрік кәсіпкерлері күшімен ашылған.

Құдірет Алтында, «Kadip» Халықаралық ұйымының бас хатшысы:

Сырт елдерде түрік лицейі деп аталғанмен, көп мемлекеттерде Түркияға қатысы жоқ. Ең көбі 50/50. Кейбірі тіпті 100 пайыз сол елдің білім министрлігінің қарамағында. Мәселен, Қазақстанда. Ұстаздар мен оқушылар неге зардап шегу керек? Нақты себеп те жоқ. Үкімет толық жабамыз десе, Еуропа, АҚШ-тағы мектептерді неге ұмыт қалдырған? Тек санаулы елге өтініш айтты. Бұл әділетсіздік.

Түркия билігі бірнеше ай бұрын Әзірбайжан мен Тәжікстан елдеріне өтініш-ескертуін айтып, хат жолдаған. Аталған екі мемлекеттен де «мектептер жабылды» деген ресми жауап болмады. Сондықтан, түрік сарапшыларының ойынша, бұл өтініштің орындалуы оңайға түспейді.

Самат СҮЛЕЙ