Русский Сайттың толық нұсқасы

Әскери қыз-келіншектер «Батыр ару» атанудан үмітті

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2015
  • 1580

Батыр ару. Қорғаныс министрлігі ерлерден қалыспай, отанға қызмет етуші нәзік жандылар арасында байқау ұйымдастырмақ. Бұл шара 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні және жеңістің 70 жылдығына орай өткелі отыр. Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Тіпті отставкадағы әйелдердің де қатысуға мүмкіндігі бар. «Батыр ару» атанудан кімдер үмітті? Әскери формадағы әйелдермен тілдескен әріптесімнің бейнематериалы. 

Республикалық «Батыр ару» байқауына Шымкенттегі 35/748 әскери бөлімнен үш "қарулас" әйел қатыспақ. Олар дайындықты бастап кетіпті. Ақмарал Төлеутаева - солардың бірі. Тәжірибелі психолог он жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Екі баланың анасы. «Қазақтың әскери қыз-келіншектері қашан да биіктен көрінуі керек», - деп санайды.

Ақмарал Төлеутаева, Шымкент қаласындағы 35/748 әскери бөлімінің бригада психологы:

Қазақтың батыр қызы деп ойлаймын өзімді, негізі. Біз ешнәрседен қорықпаймыз. Себебі біз Отан үшін қызмет етеміз. Отанды қорғаймыз. Сол үшін қатысуға лайықты, жеңімпаз болуға лайықтымын деп ойлаймын.

Бетті бояп, тырнақ пен шашты сәндеу секілді қасиеттер - 22 жастағы Күнсұлу Қуанова үшін жат. Ақтаудағы Теңіз әскерінде медбике болып қызмет ететін бойжеткен қыздарға тән көптеген қарекеттерді хош көрмейтінін жасырмайды. Ол үшін әскери форма ең жарасымды киім. Дегенмен Күнсұлу әскери салада емес, нағыз қыздарға тән қасиетпен сұлулар сайысында бақ сынап көрмек. Тіпті жеңімпаз болатынына сенімді.

Күнсұлу Қуанова, Ақтау қаласындағы 25/744 әскери бөлімінің медбикесі:

Шынымды айтсам, ұзын етек көйлектен гөрі әскери киімде мен өзімді өте ыңғайлы сезінем. Күнделікті жып-жинақы жүресің. Ал биік біз өкше аяқ киіммен жүру маған өте қиын. Әрең үйренем кейде.

Ал өскемендік Гаухар Қопабаеваның мінсіз мүсіні, беліне дейін түсетін бұрымына қарағанда модель болуға әбден лайық. Бірақ ол бала күнінен әскери адам болуды армандапты. Күн сайын таңғы алтыда тұратын ол, дене жаттығуынан бөлек, міндетті түрде көзін жаттықтыратынын айтты. Өйткені оның мамандығы - мерген. Енді ол «Батыр ару» сынағында да басты жүлдені көздеп отыр.

Гаухар Қопабаева, Өскемен қаласындағы № 27/943 әскери бөлімінің снайпері:

Мен осы әскери қызметкер болуды бала кезімнен армандағанмын. Бала кезімнен келе жатқан арманым десем де болады. Арманым орындалды деп те айта аламын.

Байқау ұйымдастырып, бәйге дайындап отырған - Қорғаныс министрлігі. Қазір олар өңірлердегі үміткерлерден құжат қабылдауды бастап кетті. Айтуларынша, қатысушылар өздері туралы толық ақпаратты ғаламтор арқылы жіберсе болғаны.

Мұхамеджан Таласов, ҚР Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы:

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша 8 наурызға дейін барлық үміткерлерді дауыс беру нәтижесіне сәйкес іріктеп аламыз. Екінші кезең - Отан қорғаушылар күніне орай біз 12 аруымызға фотосессия ұйымдастырмақпыз. Толыққанды мәлімет, тартымды суреттен бөлек, аруларымыздың өздері жайлы қызықты, ерекше ақпараты да қаперге алынатынын ескерткім келеді. Мақсат - әскери қыз-келіншектердің имиджін көтеру.

Айта кетейік, дауыс беру Қорғаныс министрлігінің арнайы сайтында жүреді. Жеңімпаз ретінде танылған 12 батыр арудың суреттері 2016 жылғы күнтізбенің бетінде ойып орын алады екен. Ол бүкіл ел аумағына таратылмақ. Одан бөлек табысталатын тарту-таралғысы өз алдына.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Светлана СУЛТАНГЕРЕЕВА, Ирина ЯКУНИНА