Қарағандыда
Сарыарқа қаламгерлерінің 100 томдық шығармалар жиынтығының тұсаукесері өтті.
Кітапта 360 автордың еңбегі топтастырылған. Олар еліміздің өнері мен
мәдениетіне, әдебиетіне ерекше із қалдырған біртуар қаламгерлердің үздік
туындылары.
100 томдық жинаққа Бұқар Жырау, Қаз дауысты Қазбектен бастап, Мәди
Бапиұлы мен Қасым Аманжолов сынды 20-ғасыр классиктерінің,сондай ақ қазіргі
заман ақын-жазушыларының еңбектері енген.
Олар-өлеңдер мен поэмалар, әңгіме,
жыр-дастандар мен публицистикалық мақалалар. Авторлардың әрқайсысының кітабы
800 данадан жарық көрді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған
«Сарыарқа кітапханасы» сериясының жарыққа шығуына Қарағанды облыстық әкімдігі
қолдау көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 100 томдықты құрастыруға 2 жыл
уақыт кеткен. Мақсат - өлкенің ақын-жазушыларының бай әдеби мұраларын жүйелеу,
таңдамалы шығармаларын өскелең ұрпаққа мұра қылу.
Дидар
Амантай, «Қазақфильм» АҚ бас директоры:
Бұл
дәстүрді жалғастыру керек. 5-10 жылдан кейін жаңа ақын, жазушылар келеді.
Солардың да шығармаларын енгізу керек. Осылай рухани сабақтастық дәстүрге
айналуы тиіс.
Айжан ҚУАШ