Президент
оркестрінің халықтық музыка ансамблі - «Шабыт» ұлттық өнер университетінде жаңа
маусымын жариялап, концерт берді. Әлемдік музыка жанрларының фольклорлық,
классикалық, академиялық түрлерін және қазіргі заман композиторларының
шығармаларын нақышына келтіріп орындап жүрген ансамбль, бұл жолы да ұлттық
музыканы тыңдауға жиылғандардың құлақ құрышын қандырды.
Концертте халық
күйлерімен қатар, ансамблдің сүйемелдеуімен ұлттық билер және халық әндері
орындалды. Өнерпаздар халық музыкасына деген сұраныстың артып келе жатқанын
айтты.
Клара
Төленбаева, « Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері»:
Домбырамен, сазсырнаймен не болмаса ансамбльмен орындалатын әнді естіген уақытта халық
бір тың дүние көргендей болып, қайтадан жақсы қарсы алып жатады. Бұл өзі
халықтың жүрегіндегі нәрсе болғаннан кейін, одан алшақтай алмайды. Сондықтан,
енді бүгін кереметтей эстрадамен тең дәрежеде болмаса да сұраныс бар. Осы
оркестрде жұмыс істегенімді, осы ансамбльмен ән айтқанымызды өзіміз мақтаныш
санаймыз.
Халықтық
музыка ансамблі-республиканың мәдени, музыкалық өміріне белсене араласып,
шетелдерде Қазақстан атынан лайықты өнер көрсетіп жүр. Ансамбль биыл Астана
қонақтары мен тұрғындарына жаңа туындыларын ұсынады. Сондай-ақ, оркестрдегі әр
құрам мен солистер жеке концерт бермек ниетте.
Т. АМАНАЛИЕВА