Русский Сайттың толық нұсқасы

Нәрестені автокөлікке айырбастамақ болған ерлі-зайыпты ұсталды

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2015
  • 1475

Астанада сау туған нәрестесін көлікке айырбастамақ болған ерлі-зайыпты ұсталды. 29-қаңтарда қалалық Ішкі істер департаменті қызметкерлеріне-жаңа туған нәрестені «Тойота Камри» автокөлігіне айырбастамақшы болған отбасы туралы ақпарат түскен.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, 25 жастағы әйел мен 29 жасар ер азамат-көлікті өздеріне рәсімдеп, баланы нотариалды түрде сенімхатпен беріп жатқан жерінде қолға түсті. Ұсталған азамат 5 жылдан бері Қазақстан азаматы.

Ал, азаматша ықтияр хатпен тұрып жатқан. Ерлі-зайыптының екеуі де Өзбекстанның тумасы. Әйел жұмыссыз, ал күйеуі қалалық кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді екен. Көлікке айырбастамақ болған ұл бала 27-қаңтарда 3,8 келі болып, сап-сау туылған.

Қазіргі уақытта нәресте балалар ауруханасында жатыр. Ал, аталған факті бойынша, қылмыстық кодекстің 135 бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу амалдары жүргізілуде.

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Ұсталғандарға қатысты соттың санкциясы бойынша, олар қамауға алынып, қазір тергеу изоляторына тоғытылды. Кәмілеттік жасқа толмағандарды саудаға салу фактісі бойынша егер де осы дәлелденсе, ерлі-зайыптылар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тоғжан АМАНАЛИЕВА