Шымкентте
жаяу жүргіншілерге арналған көлік жолының үстінде орналасқан өткелге лифт
орнатылды. Темір тұлпарлар тынымсыз ағылып жатқан жолдың қарсы бетіне өту
үшін, жүргіншілер баспалдақ арқылы биіктігі бес метрге жуықтайтын аспалы
көпірге мініп-түсуі керек. Бұл әсіресе қариялар мен мүгедектерге, аяғы ауыр
әйелдер мен балалы аналарға қиынға соғатын еді. Бұдан былай жеделсаты арқылы
биіктікке шығып, көпір арқылы қарсы бетке өтіп, қайта лифт арқылы түсуге
болады. Озық технологияның өткелде қолданылуы әсіресе егде жастағы адамдарды
қуантып отыр.
Алмагүл Дәрменова:
Күнде
мен осы жерден екі рет өтемін. Аяғым ауырады. Төменге түскенше, ентігіп қалатын
едім. Рахмет үкіметімізге, қарттарды сыйлап, осылай лифт құрып бергеніне.
Арыстанбек
Сәруарбеков:
Жас
келгеннен кейін қиын болады. Баламен мынадай қыстың күні тайғақ. Балалар да
құлап қалып жатыр тепкіштен. Инвалидтерге де, кәрі адамдарға да, әйелдер кішкентай
балалармен лифтпен шыққан жақсы ғой. Мынаның үстіне жаяу көтерілудің өзі біраз
салмақ болады бізге.
Өткел
былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген. Оның құрылысына жергілікті
қазынадан 130 млн теңге жұмсалған. Тапсырыс беруші мекеменің айтуынша, әу-баста
бұл жерде жедел саты орнату жоспары қаралмапты. Жобада тек мүмкіндігі шектеулі,
қоларбаға таңылған жандарға арнап механикалық көтергіш құрал орнату
қарастырылған. Алайда оның қауіптілігі басым екенін ескерген қала билігі, жасы
үлкен азаматтардың тілегін ескеріп, лифт орнатуды ұйғарған. Айта кетейік, алдағы
жылы шаһарда тағы бір заманауи жер үсті өткелі салынбақшы.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ