Русский Сайттың толық нұсқасы

Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобына қатысты істі қарау қайта жалғасты

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2015
  • 1377

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты іс апелляциялық сотта қайта қарала бастады. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкіміне келіспеген 13 сотталушы мен олардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірген еді.  Мұнан бөлек, айыптаушы тарап сотта ақталған қос айыпталушыға қатысты наразылық арызын түсірген. Айта кетейік, өткен жылдың 14 қарашасында  қылмыстық істер жөніндегі сот  22 айыпталушының он бесіне бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Базаргүл Нәдірқызы жалғастырады.

Темір тордың ар жағы бұрынғы шенділерге жақпағаны көрініп-ақ тұр. Түрлері шаршаңқы. Бірақ сағынған туыстарын көріп, алыстан қауқылдасып қалды.

Апелляциялық сот отырысы адвокаттардың өзара тартысынан басталды. Бұған дейін куәгер ретінде шақырылған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың адвокаты Ләззат Жансейітова бұл жолы облыс әкімінің экс-орынбасары Асқар Әбдіровті қорғауға келді. Ал басқа адвокаттардың сөзінше, бұл - заңға қайшы.

Нұрлан Жолболов, адвокат:

94-бабтың 3-пунктінде көрсетілгендей, куәгердің құқығын қорғаған адвокаттың енді сотталушының мүддесі үшін жұмыс істеуі  ҚР жаңа процессуалды заңына толықтай қайшы. Құрметті сот, бұл кейін Сіз шығаратын қаулының күшін жоюға негіз болуы мүмкін. Мен Әбдіров мырзаға да, адвокатқа да қарсылығым жоқ. Бірақ заңның аты - заң.

Үзілісте адвокаттардың пікірін білген судья қорғаушы Жансейітованы істен шеттетті. Ал Бергей Рысқалиевтың бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің қорғаушысы Юрий Слинченко журналистерге алғашқы сот инстанциясы барысында төрайымдық еткен Гүлмира Дәулетоваға қатысты бір деректі айтып қалды. Оның айтуынша, судьяның бұған дейін қылмыстық іске шығарған үкімі құзырлы органдардың назарына ілігіп, тексеріс жүргізілген. Сондықтан ауқымды іске ол төрайымдық етпеуі тиіс дейді.

Юрий Слинченко, адвокат:

Судьяның бұдан бұрын шығарылған үкіміне қатысты қаржы полициясы тексеру жүргізді. Ол әлі аяқталған жоқ. Осыған орай, Дәулетова тергеу органдарына тәуелді болды деп ойлаймыз. Және үкімді қарасаңыз, түгелдей айыптау қорытындысынан көшірілген. Мұндай өте сирек кездеседі. Соған қарағанда, тергеу орындарының өздері дәл осы судьяның, дәл осы істі қарауы үшін өзара, біз білмейтін келіссөздер жүргізген болуы мүмкін.

«Слинченко қолда бар деректі апелляциялық сот отырысында қозғаймын»,- дейді. Ол  сондай-ақ судьяның  Болат Дәукеновке қатысты ұсынылған дәйектерді еш қолданбағанын да айтып отыр. Тіпті тәркілеуге жатқызылған пәтерін кәмелеттік жасқа толмаған балалары тұратындығын ескертіп, қайтаруды сұрамақ. Айтпақшы, соттың алғашқы инстанциясында мемлеттік айыптаушылардың таққан бірнеше айыптарынан ақталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы қала әкімі  Асқар Керімов те апелляциялық шағым түсірді. Ол айыптардан толықтай ақталуды көздеп отыр.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Айта кетейік, Бергей Рысқалиевтың жетекшілігімен лауазымын асыра пайдаланып, мемлекеттің 42 млрд теңгесін жымқырды деп айыпталған 22 адамның 15-і бас бостандығынан айырылған болатын. Ең үлкен мерзімді облыс әкімінің қос орынбасары алды: бірі - 15, ал бірі 12 жыл арқалады. Ал ендігі процестің қанша күнге созылатыны белгісіз. Сот отырысы аптаның барлық жұмыс күніне, таңертеңгі 9-дан кешкі беске дейін белгіленген. Ал аталмыш істегі басты фигуранттар - Бергей Рысқалиев пен оның ағасы экс-мәжілісмен Аманжан Рысқали - әлі күнге халықаралық іздеуде.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ