Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғындары апатты жағдайдағы ауруханада ем қабылдауда

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2015
  • 2419

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғындары апатты жағдайда, қаусап тұрған ауруханада ем қабылдауға мәжбүр. Аудан орталығында жаңа аурухана салу қажеттігі баяғыда туындаған. Алайда, басшылық тарапынан қажетті шешім қабылданар емес. Есесіне тоқтап қалған емхана құрылысы қайта жанданатын болыпты. Өңірлік тілшіміз Шарипа Сақтапова тарқатады. 

Бұл аурухана ғимараты осыдан 30 жылдай уақыт бұрын асар әдісімен салынған. Ал 2010 жылы ғимаратты арнайы тексерген комиссия оны апатты деп таныды. Бірақ мұнда науқастарды қабылдап, емдеу әлі күнге жалғасып жатыр. 

Балгүл Жұмаділова, Жалағаш кентінің тұрғыны:

Больницамыз тар, ескі, осыған жату үшін кезек күтеміз. Тар болған соң, адам көп ауру, жағдайы да жоқ.

Жаңа аурухана салу жөнінде жергілікті биліктің жоғарыға берген ұсынысы қолдау таппады. Есесіне аудан орталығынан емхана салу туралы шешім қабылданып, 2012 жылы құрылыс басталған. Бірақ 2013 жылы пайдалануға берілуі тиіс нысан әлі күнге қаңырап тұр. Шенеуніктер бар кінәні мердігерлерге жабуда.

Мұрат Тілеуімбетов, Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Мердігер мекеменің жұмыс кестесін уақытылы орындамағанына байланысты, жұмыс кідірді. Сотқа беру арқылы бұлардың қазіргі төлемақысы штраф есебінде 311 миллионға көбейіп кетіп отыр. Сондықтан да қазір бұл кісілермен екі жақты келісімге келіп жатырмыз. Егер де заңдылық көтеретін болса, айыппұлдарын азайтып береміз. Мамыр айында бұл поликлиника халыққа қызмет жасауға дайын болуы керек.

Мердігер компанияның өкілі құрылысқа не кедергі болғанын нақты дөп басып айта алмады. Бірақ емхана енді белгіленген мерзімде пайдалануға беріледі деп уәде берді.

Ұлан Төлешов, «Достық Н» ЖШС басшысының орынбасары:

Қазіргі кезде ақша бөлу жағын облыс әкім шешіп беремін деді. Сол шешілсе қағаз күйінде, одан әрі үш айдың ішінде объект бітеді, уәде беремін.

Сонымен сақалды нысанның пайдалануға берілетін соңғы мерзімі - осы жылдың мамыр айы. Үш қабатты емхана заманауи құралдармен жабдықталады. Ал аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, жаңа аурухана салу мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Әзірге ескі ғимаратта тағы да күрделі жөндеу басталды.

Шарипа САҚТАПОВА