Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстандық диқандарды қаржылай қолдауға 4 миллиард теңге бөлініп отыр

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2015
  • 1122

Солтүстік Қазақстандық диқандарды қаржылай қолдауға 4 млрд. теңге бөлінді. Бұл жөнінде азық-түлік келісім-шарт корпорациясының өкілдері хабарлайды. 5 пайыз үстеме ақымен берілетін демеуқаржы көктемгі егіс жұмыстарына бағытталмақ.

Бөлінген қаражат көлемі былтырғымен салыстырғанда 3 еседей көп. Шаруалар мемлекеттен алған субсидияны өнім түрінде қайтара алады. Бұл кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік. Қазір астық нарығында қиын жағдай қалыптасып отыр.

Өткен жылы жауын-шашынның мол түсуіне байланысты диқандар дәнді дер кезінде жинай алмай, егіннің сапасы нашарлады. Салдарынан бірқатар кәсіпорын шығынға батып, былтыр көктемде алған қарызынан құтыла алмады.

Бүгінде Солтүстік Қазақстандық шаруалардың азық-түлік келісім-шарт корпорациясы алдындағы берешегі 234 млн. теңгені құрайды. Компания өкілі, кәсіпкерлердің жағдайына түсіністікпен қарайтынын айтты.

Рустам Жаңатаев, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ СҚО бойынша өкілдігінің директоры:

Өткен жылы бізге мемлекеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, 103 шаруашылық қаржыландырылды. Биыл қаралған 4 млрд. теңгенің арқасында 300 кәсіпкерге көмектесеміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, корпорация соңғы 5 айдың ішінде диқандардан 284 мың тонна бидай сатып алды.

Абзал ҚҰРМАНКИН