Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнай бағасының құлдырауы инвестициялардың қысқаруына әкеп соғуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2015
  • 1257

Мұнай бағасының құлдырауы инвестициялардың және қазақстандық мұнай сервистік компания мамандарының қысқаруына әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы журналистерге мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағының өкілі Елена Мұстафина мәлімдеді.

Елена Мұстафина, ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары:

Бүгінде мұнай баррелінің құны - 55 доллар. Ал республикамызда өндірілетін мұнай бағасының өзіндік құны - 50 доллар. Бұл отандық кәсіпорындарымыз ауыр жағдайда екендігін білдіреді. Әйтсе де, атқарушы органдар мен мемлекет тарапы мұнай өндірісінің көлемі төмендемейтіндігін біледі. Ол жоспарда да жоқ. Менің ойымша, бұл инвестициялардың қысқаруына әкеп соғады. Салдарынан бұрғылау, барлау, құрылыс бағытында жұмыс істейтін мұнай сервистік компаниялардың қызметкерлері саны қысқаруы ықтимал.

Кәсіподақ федерациясының өкілдері «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» компанияларындағы жағдайға да баса назар аударуда. Айта кетейік, кеше қарағандылық металлургиялық кәсіпорын қызметкерлердің жалақысын 25-50 пайызға қысқартатындығын жариялаған. Ал «Қазақмыс» корпорациясы бірқатар өндіріс ошақтары жұмысын тоқтататындығын мәлімдеген-ді.

Асылбек Нұралин, ҚР «Тау-кен металлургиясы еңбеккерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:


«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны жалақы мөлшерінің 25-50 пайызға төмендеуін инфляциялық пайыздан есептеген. Бұндай бір тарапты шешімге кәсіподақ ұйымы қарсы. Бүгінде біз бұл мәселені прокуратураның қарауына жібердік. Компания жалақыны қысқарту турасындағы шешімін әзірге тоқтатты. Ал «Қазақмыс» компаниясы бірқатар өндіріс ошақтарының жұмысы тоқтауына байланысты екі мыңға жуық адамды қысқартатындығын мәлімдеді. Алайда, кейін белгілі болғандай, компания жұмыссыз қалған азаматттарды кадрлар жетіспейтін мамандықтарға қайта оқытатын болыпты.

Жұрағат БАМАН