Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық жүргізуші куәлігі шет мемлекеттерде жарамсыз деген ақпарат шындыққа жанаспайды

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2015
  • 1282

Қазақстандық жүргізуші куәлігі шет мемлекеттерде жарамсыз деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясының Алматыдағы өкілдігі мәлімдеді.  Жаңа жылдан бастап «Халықаралық жүргізушілер қауымдастығы» деп аталатын ұйым қазақстандық жүргізу куәлігінің кейбір шет елдерде жарамсыз екенін хабарлап, өздігінше жүргізу куәліктерін тарата бастаған. Әсіресе елден тысқары шығып, саяхаттайтын отандастарымызға мұндай хабар жай түскендей әсер еткен болатын. Мұның қаншалықты заңға сәйкестігін саралап  көрген тілшіміз Ришат Асқарбекұлының материалы.

Алғашқы ақпарат халықаралық жүргізушілер қауымдастығы деп аталатын ұйымның жеке сайтында пайда болды. Одан кейін бірнеше ресми ақпараттық порталдарда халықаралық жүргізушілер куәлігі туралы мақалалар басылып шықты. Ақпараттық лездемеге тереңірек үңілсеңіз, енді Қазақстанда берілетін жүргізушілер куәлігі шет мемлекеттерде жарамсыз дегенді ұғынасыз, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол жүру туралы конвенциясына 2011 жылы 29 наурызда өзгеріс енгізілген. Бұл өзгеріске сәйкес ұлттық жүргізу куәліктерін елден тыс аумақта пайдалануға болмайды. 

Ерлан Ибраев, Халықаралық жүргізушілер қауымдастығының бас маманы:

Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясын негізге ала отырып, халықаралық жүргізушілер куәлігін беруді қолға алдық. Біріккен Араб Әмірліктеріне немесе Тайландқа саяхаттап барсаңыз, жалға көлік алу қиындайды. Туристер да қазақстандық жүргізу куәлігінің жарамсыздығын айтып шағымдар түсіре бастады. Сондықтан біз осындай құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес қалаған азаматтарға жасап беріп жатырмыз.

Қауымдастық он күнде 30-дан астам туристке халықаралық жүргізу куәлігін беріп үлгерген. Хабарласып, су жаңа куәлік алуға асыққандар жетерлік дейді компания өкілдері. Оның құны шамамен 25 мың теңгеге бағаланған. Тіпті белгілі жиһангез Дмитрий Петрухин де аталған куәлікке жақында қол жеткізіпті. Байкер мұндай құжат халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатынын айтады.  

Дмитрий Петрухин, байкер:

Мен, шын мәнінде, осы қиындыққа тап болдым. Қытай арқылы өткенде біздің елдің жүргізуші куәлігін мойындамай қойды. Олар тіпті маған емтихан тапсырып, өз куәліктерін алуды ұсынды. Сол сияқты Еуропа мен араб елдерінде де халықаралық жүргізу куәлігін сұрағанын растап беремін.

Алайда жүргізу куәлігін беруге өкілетті Ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы жоғарыдағы мекеменің әрекетін заңсыз деп есептейді. Халықаралық жүргізу куәлігін беру «үй ішінен үй тіккенмен пара-пар» дейді полиция өкілдері. Қазақстанда 2006 жылы жаңа үлгіде беріле бастаған жүргізу куәлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына сәйкестендірілген. 

Нұрлан Аманбек, Алматы қаласы ӘПБ емтихан алу, тіркеу бөлімі басшысының орынбасары: 

Қазақстанда заңға сәйкес жүргізу куәлігін беретін жалғыз орган ол  - Ішкі істер министрлігі. Сол құзырлы орган берген куәлік қана жарамды. Басқа андайда бір ұйымның бергені жарамсыз деп санаймыз. 

Ішкі істер органдарының мәліметінше, Қазақстандық үлгідегі жүргізу куәлігінің шетелдерде жарамсыздығын айтып, шағымданған деректер кездеспеген. Сондықтан 9 жылдан бері беріліп келген жүргізу куәлігі халықаралық талаптарға жауап береді. Ал наурыздың бірінен бастап елімізде жолда жүру куәлігі тағы да жаңарады. Ішкі істер министрлігі Көлік түрлерін жүргізуге қосымша санаттар енгізілген жаңа құжатпен де қазақстандықтар шет мемлекеттерде кедергісіз жүреді деп сендірді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ