Русский Сайттың толық нұсқасы

Есеп комитеті АШМ тексеру барысында 79 миллиард теңгеге қаржылық заңсыздықты анықтады

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2015
  • 1133

Есеп комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігін тексеру барысында 79 миллиард теңге сомаға қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы комитет төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мәлімдеді. Оның есебіне сүйенсек, министрлік 43,1 миллиард теңге бюджеттік қаржыны да тиімсіз пайдаланған. Мәселен, аграрлық несиелік ұйымдар өзіндік шаруа қожалықтары жоқ компанияларға қарыз бөлген. Анықталған фактілер бойынша кейбір істер құқық қорғау органдарының тексеруіне жіберіліпті. 

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:

Қарыз алып отырған заңды тұлғаларда ауыл шаруашылығына қажетті дүние-мүлік, тіпті салық салуға жататын жерлері де жоқ. Бұндай компаниялар миллиардтаған қаржы несие берілетін күні ашылып, кейіннен із-түссіз жоғалып кетеді. Бұл өте маңызды мәселе. Анықталған фактілер бойынша бізде арнайы қаулылар бар. Заң бұзушылықтарды құқық қорғау органдарының құзыретіне өткізу керек.

Есеп комитеті мамандары «ҚазАгро» холдинг құрылымындағы бірқатар нысандар құрылысы аяқталмағандығын және олардың жобалық қуаттылығы іске аспағандығын анықтаған. Әңгіме Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қызанақ өңдеуші 2 зауыт және Солтүстік Қазақстандағы астық өңдеу зауыты турасында болып отыр. «Азық-түлік» келісімшарт корпорациясы өкілдерінің айтуынша, аталмыш нысандардың көбі жекешелендірудің екінші кезеңі аясында өз инвесторларын күтуде.

Рахмет Байнақов,  «Азық-түлік» келісімшарт корпорациясының басқарма төрағасы:

Аталмыш нысандарды бәсекелестік ортаға өткізу мақсатында үш ұйымға арнайы ұсыныс жасалды. Зауыттарды сатып алып, әрі қарай пайдаланатын инвесторлар да іздестіріліп қойған. Бүгінде жекешелендірудің екінші кезеңіне «Қазмақта» және «Мақта» келісімшарт корпорациясы енген. Алайда барлық жобалардың толықтай іске асуына қаржы жеткіліксіз болып отыр.

Жұрағат БАМАН