Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми ашылуы еліміздің барлық өңірлерінде салтанатпен тойланды

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2015
  • 2447

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми ашылуы еліміздің барлық өңірлерінде салтанатпен тойланды. Оралда ел бірлігін ту еткен 500 студент флешмоб ұйымдастырса, шығыстағы жұрт аяққа шаңғы байлап, жорыққа шықты. Елді ән мен биге бөлеген ұлық мейрамды шырайлы Шымкент өңірі де думандата атап өтті. 

Айтулы шараны бастаған шымкенттік спорт саңлақтары Қазақстан халқы Ассамблеяcы жылының туын салтанатты түрде алып өтті. Сегіз даңқты спортшы көпшіліктің қолдауымен көк байрақты көкте желбіретті. Мемлекеттік Ту бұл жерде жыл бойы ілулі тұрады. Бұдан кейін кезек жалындаған жастарға тиді.

Ассамблея жылының ақ түсті жейдесін киген 260 студент әр ұлттың әндерінен құралған попуриге биледі. Ал мерекеде бас қосқан жамағат Ассамблеяның еліміз үшін маңызы зор екенін жеткізді. 140-қа жуық ұлт өкілін бейбітшілік бесігінде бөлеген Ассамблея әлемде аналогы жоқ қоғамдық институт деп санайды олар. Ассамблея эмблемасы мен Оңтүстік Қазақстан облысы және биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының логотипі бейнеленген шарларды ұшырған жастар думан көрігін қыздыра түсті.

Икрам Хашимжанов,  ОҚО өзбек  мәдени орталығының төрағасы:

Ассамблея - ынтымақ жылы. Ассамблея - ырыс, береке жылы. Ассамблея - бейтшілік жылы. Сондықтан да үлкен мереке. Биылғы жылы өте жоғары деңгейде өтіп, халқымыздың көңілінен шықсын деймін. Мәңгілік ел - бұл ұлтаралық татулықтың кепілі. Ұлтаралық татулық - мәңгілік елдің тірегі.

Ал өскемендіктер аяққа шаңғы байлап, жорыққа аттанды. 300-ден астам шаңғышының арасында әуесқойлар да бар. Бір шаңырақтың астына жайылған кең дастарханда өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынды.

Галина Жанпейісова, ШҚО белорус ұлттық орталығының өкілі:

Өзім белорустың қызымын, күйеуім - қазақ. Осындай интернационал отбасыдан тараған балаларымыздың бойында бейбітшілік сүйгіш қос ұлттың қаны бар. Ешкімді жатсынған емеспіз. Бұдан артық не керек?

Күллі ел атап өткен думанды мерекеден оралдықтар да қалыс қалмады. Биылғы жыл мемлекеттігімізді әйгілеуге таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Айтулы мерекелер қатар келді. Сондықтан оны құр даңғаза-думанмен өткізбей, ұлтты ұйыстыратын нақты шаралар қолға алынуы керек дейді Ассамблея мүшелері.

Аманжол Зинуллин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Президенттің өзінің айтқаны бар: «Мен өзімді бақытты деп санар едім, егер де мен қазақша сөйлегенде, мемлекеттік тілде сөйлегенде, барлық ұлт өкілдері, бәрі де түсініп тұратын болса қазақстандықтардың», - деп. Міне, ұлттың арманы, Президенттің арманы, бәрі ұштасып жатқанын бәріміз көріп отырмыз.

Мерекелік шара сахналандырылған қойылыммен жалғасты. Жаугершілік заманнан бастап, қазіргі кезеңге дейінгі уақытты қамтыған оқиғалар осы қойылымнан көрініс тапты. Сондай-ақ, бүгін Ассамблея құрамы жаңа мүшелермен толықты.

Еркін КАРИН, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Ирина ЯКУНИНА