Қарағандының
«Сарыарқа» командасы уақытынан бұрын жоғарғы лига жеңімпазы атанды. Ресей
біріншілігінің кезекті турында Волжск қаласының «Ариада» клубын қабылдаған
Леонид Тамбиевтің шәкірттері 4-2 есебімен басым түсті. Тақырыпты Самат
Қанағатов тарқатады.
Өткен
жылы «Братина» кубогын ұтып алған «Сарыарқа» хоккей клубы биыл чемпиондық
атағын қорғайды. Қарағандылық ұжым - чемпиондық атақпен
бірге плей-офф ойындарына жолдама алған бірінші команда. Соған қарамастан,
қарқынын бәсеңдетпеген қазақстандық хоккейшілер жеңіс шеруін жалғастыруда.
Кезекті турда Қарағанды қаласына Волжск қаласының «Ариада» клубы қонаққа келді.
Бірақ қонақжайлық көрсете қоймаған айдын иелері бірінші кезеңнің өзінде
ресейлік клубтың қақпасына жауапсыз үш шайба соқты. Бұл сәттерде Сергей
Огородников, Александр Торяник және Эрикс Шевченко жанкүйерлер қошеметіне
бөленді.
Қарымта шабуылға шыққан «Ариада» командасы Евгений Банцеревтің
көмегімен бір шайбамен жауап қайтарды. Дегенмен, қонақтардың қуанышы көпке
созылмады. Екінші кезеңнің басында Константин Савенков есепті тағы да ұлғайтты.
Кездесу соңына қарай ресейлік хоккейшілер есепті екі шайбаға дейін
қысқартқанымен,
одан артыққа шамалары келмеді. Келесі ойында Леонид Тамбиевтің шәкірттері
Қорған қаласының «Зауралье» клубына қонаққа барады.
Мәскеудің «ЦСКА» командасы
қарсылас шақ келтірер емес. Бұған дейін өткізген 52 кездесудің 43 ойнында үздік
шыққан Дмитрий Квартальновтың шәкірттері турнир кестесінің көш басына емін-еркін
жайғасты. Бұл жолы армияшылар Магнитогорск қаласының «Металлург» клубын айналып
өтті. Деседе, бұл кездесудегі алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Голдың авторы
- Данис
Зарипов.
Қарымта шабуылға шыққан қонақтар есепті теңестіріп қана қоймай, 2-1
есебімен алға шықты. Екі жолы да мергендігімен танылған Стефан де Коста
дубльдің авторы атанды. Кездесу аяғына қарай «Металлург» командасы қақпашыны
алтыншы ойыншыға алмастырып, есепті теңестіру үшін барын салды. Бірақ бос
қақпаны нысанаға алған Владимир Жарков бұл ойындағы соңғы нүктені қойды.
Самат ҚАНАҒАТОВ