Президент
сайлауын мерзімінен бұрын өткізу - мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы беделіне
нұқсан келтірмейді. Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сайлау
жөніндегі бастамаға осындай пікір қосты.
Ерлан
Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Егер
халқымыз өзіне ыңғайлы мерзімде президент сайлауын өткіземіз деп шешсе, ол
біздің шет мемлекеттермен қарым-қатынасымызға еш әсер етпейді. Керісінше, өзге
мемлекеттердің біз ұстанған саясатқа деген сенімділігі арта түседі. Мерзімінен
бұрын сайлау өткізу жайында нақты шешім болса, біз дипломатиялық ведомство
ретінде оның халықаралық талаптарға сай өтуін қадағалаймыз.
Парламенттегі
Үкімет сағатында сөйлеген сыртқы ведомство басшысы «Норманд төрттігінің»
кезекті кездесуінің Астанада өту мүмкіндігіне қатысты түсініктеме берді. Әзірге
қабылданған нақты шешім жоқ, алайда Мемлекет басшысымен арада болған телефон
әңгімесінде, Германия канцлері келіссөздер алаңы ретінде Астана қарастырылатын
мәлімдеген.
Ерлан
Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Ангела
Меркель «Норманд төрттігі» форматындағы кездесулердің бірінің Астанада өту
мүмкіндігін жоққа шығармайды. Біздің
басты мақсатымыз - барлық күштермен Украинадағы процестерді бейбіт шешу.
Келіссөздер өтетін жер - аса маңызды емес. Біз қонақжайлылық танытып,
келіссөздер алаңы ретінде өз елімізді ұсынуға әрқашан әзірміз.
Депутаттар
алдында Сыртқы істер министрлігінің жұмысы жайында баяндаған министр, еліміздің
Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттерімен 14 мың шақырымдық шекарасы
делимитацияланғанын, яғни әлемдік карта мен халықаралық келісімдерде заңды
түрде бекітілгендігін, мәлімдеді. Қазір шекарада демаркация жұмыстары аяқталуға
жақын.
Ерлан
Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Украина
дағдарысының осал тұстарының бірі - Украина мен Ресей арасындағы шекараны
бекіту келісімінің болмауы. Сондықтан біз делимитация процесін барынша
тездетіп, бұл жұмысты тәмамдауға жақындап қалдық. Қазір делимитация келісімінің
БҰҰ-нда рәсімделуін талап етіп жатырмыз. Бұл қадам, қажет жағдайда, төрелік
үшін халықаралық ұйымға жүгінуге мүмкіндік береді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ