Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы білім беру саласын тексерген прокурорлар біраз былықтың бетін ашты

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1565

Оралда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар жетіспейді. Қалада мұндай сегіз орталық болғанымен, оның үшеуі ғана жұмыс істейді. Бірақ оның өзі апатты күйде. Білім беру ұйымдарының қызметін тексерген прокурорлар осындай былықтың бетін ашты.

Құзырлы орын мамандарының дерегінше, көру жүйесі нашарлаған балалар баратын жалғыз балабақша құлағалы тұр. Ал көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепте арнайы оқулықтар мен қосымша әдебиеттер жетіспейді.

Қамкөңіл балалар оқу бағдарламасындағы физика, химия секілді кітаптардан тарығып отырғанын айтады. Бұл аздай, арнайы есепке алынған 2 мыңнан астам бүлдіршіннің мың жарымының сайда саны, құмда ізі жоқ.

Енді прокурорлар бұл балалардың қайда екендігін іздеп, бас қатыруда.

Алмагүл Исмағұлова, Орал қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Психологиялық дәрігерлік педагогикалық кеңестің дерегінше, Оралда 2 396 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Алайда, қала емханаларындағы дерек мүлдем басқаша. Дәрігерлер тек қана 700-ден астам мүгедек баланы тіркеуге алыпты. Қазір қала прокуратурасы 1 500 баланы іздестіруге кірісті. Бұл балалар жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің есебінде жоқ болып тұр.

Еркін КАРИН