Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралмандардың азаматтық алуына жеңілдіктер қарастырылады

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1616

Оралмандардың мәртебесі мен азаматтық алуы бойынша жеңілдіктер қаралмақ. Бұл туралы  Мәжілісте өткен «Қазақстанның кейбір заңдарына көші-қон және жұмыспен қамту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

2013
жылы осы заңға өзгеріс енгізіліп, оралмандарға қатысты барлық материалдық төлемдер алынып тасталған еді. Салдарынан этникалық қазақтардың елге келу қарқыны бәсеңдеген. Қандастарымыздың азаматтық алуына қатысты талаптар да қиындап кетті. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі - заң жобасында мұндай олқылықтарды шешу жолдары қарастырылғанын айтады.

Дәулет Арғындықов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Оралман мәртебесін қоныстанған өңіріне қарамастан, барлық этникалық қазақтарға беруді ұсынамыз. Оны алу мерзімі қазір 7 жыл болса,1 жылға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұған дейін оралмандарға ең алдымен ықтиярхат алу, сосын барып оралман мәртебесін беру қарастырылатын. Енді алдымен оралман мәртебесін алып, сосын тұрақты тұруға ықтиярхат берілуі дұрыс деп ойлаймыз. Ал азаматтық алу жеңілдетілген тәртіппен 1 жыл ішінде жүзеге асатын болады.

Оралмандарды қоныстандырудың Үкімет айқындаған өңірлік квоталары бекітілмек. Ал елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар енді ақылы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оралмандар Қазақстан халқының 5 жарым пайызын құрап отыр. 1991 жылдан бері шет елдерден тарихи Отанына оралған отбасылар саны - 259 мың. Бұл шамамен 1 миллионға жуық адам.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ