Русский Сайттың толық нұсқасы

Мыңнан астам астаналық Кеден одағы елдерінен әкелген көліктерін тіркей алмай жүр

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1302

Мыңға жуық астаналық тұрғын Кеден одағы елдерінен әкелген автокөліктерін рәсімдей алмай жүр. Олардың бұлай табанынан тозуына көліктің тіркеуден шығарылғаны жөніндегі анықтама мен сәйкестік сертификатының жоқтығы себеп. Бұл туралы Астана қалалық Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Дулат Әзбергенов мәлімдеді. Аталған талаптар Еуразиялық экономикалық одаққа енетін мемлекеттерден келген көліктерге қойылып отыр,- дейді Әзбергенов. Және  ІІМ-нің бұл әрекеті негізсіз деп санайды.

Дулат Әзбергенов, Астана қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

Әкімшілік полиция комитетінің Кедендік одақ елдерінен кірген көліктердің тіркеуден шығарылғаны туралы анықтама мен сәйкестік сертификатын талап етуі негізсіз. Сондықтан олар бұл талаптарды жойып, көліктерді жалпылама қабылданған стандарт бойынша тіркеуі тиіс.

Бұған дейін осыған ұқсас жәйттер Ақтауда да орын алған еді. Қаңтарда ондаған ақтаулық Еуразиялық одақ елдерінен әкелген су жаңа көліктерін тіркете алмай қиналған. Экономист Талғат Демесінов мұндай әкімшілік кедергілерді отандық көлік өнеркәсібіндегі сатылымдардың азаюымен байланыстырады. Мәселен, Қостанайдағы көлік құрастырушы зауыт өткен жылы 20 мың авто шығаруды жоспарлаған. Бірақ сұраныстың төмендігінен 8 мыңдай ғана көлік құрастырып, жоспарды 40 пайызға орындады. Сондықтан отандық өндірушілердің көлік импортын шектеу бойынша өз талаптары бар,- дейді сарапшы.

Талғат Демесінов, экономист:

Бізге үкіметтен көмек керек дейді. Ресеймен шекараны жапсын, не болмаса оларға протекционистік саясат жүргізейік дейді, яғни Ресейден әкелетін автокөліктерге үлкен салық салу не болмаса оларды тіркемеу мәселесін қойып отыр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ