Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қауіп туғызып отыр

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1602

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды. Бүгінде облыстың басым аумағында қар әдеттегі мөлшерінен екі жарым есе артып кеткен. Ауа райы күрт жылынып, қар көшкіні қаупі жойылмай тұр. Айта кетейік, Тарбағатай, Зайсан және Күршім аудандарында осыдан 5 жыл бұрын сел тасқыны тіркелген. Қайғылы оқиға қайталанбас үшін, облыс басшылығы 200-ге жуық құтқару техникасын әзірлеп қойды. Өңірдегі қар мен су деңгейіне күнделікті тексерулер жүргізілуде. 

Облыста төтенше жағдай жарияланып, тұман мен  көктайғақ салдарынан  республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Қазір аймақта қар аралас жаңбыр толастар емес. Қар көшкінінің алдын алу жұмыстары қолға алынған. 18 су бөгеті апатты жағдайда тұр. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті су тасқынына қарсы шаралар жоспарына көшті.

Сұлтан Ахметов, ШҚО ТЖД бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:

Техника, жеке құрам - барлығы дайын, қоңырау келіп түскен заматта біз тиісті көмек көрсетуге дайынбыз. 

Бүгінде сел жүруі ықтимал 7 ауданда тұрғындар су тасқыны болған жағдайда қандай қауіпсіздік шараларын жасау керектігін үйренуде. Керекті азық-түлік, дәрі-дәрмектер де алдын ала сатып алынды.

Елена Гудкеева, ШҚО тұрғыны:

Біз барлық құжаттарымыз бен керек дүниелерімізді әзірлеп қойдық. Балалар да қауіпсіздік ережелерімен танысты. Қазір түнгі уақытта күн суық. Бірақ жаңбыр жауа бастағанда, қар еріп, топан су астында қаламыз ба деп үрейлендік.

Қазір өңірдегі қауіпті аймақтарда мұзды жару жұмыстары жүріп жатыр. Судың қайтуы мен келуін реттеу мақсатында қосымша арықтар қазылуда. Су бөгеттерін мықтап бекіту ісі де қолға алынған. Облыс басшылығы 400 тонна жанар-жағармай, 70 мың қап құм дайындап қойған. Қала көшелерінде жаппай қар тазалау басталды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының дерегінше, Өскеменде су тасқыны болуы мүмкін 145 аумақ бар. 

Бүгінде «Қазселденқорғау» қызметкерлері таулы аймақтарды бақылауға алды. Ал гидролог мамандар Ертіс өзеніндегі су деңгейінің көтерілгенін байқап, төтенше жағдай орын ала қалса, тұрғындарды көшіруге болатын аймақтарды белгілеп қойды.

Надежда Говоркова, инженер-синоптик:

Бүгін түнде облыстың көптеген аймақтарында жылы ауа райы сақталады. Ауа температурасы 0, -5, -7 аралығында. Ертең облыста жауын-шашынды, ылғалды болады. Ал өңірдің шығыс жағындағы таулы аймақтарда ауа температурасы ақырындап төмендей бастайды.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты автомобиль жолдарын, көпірлер мен ауыл шаруашылығы аймақтарын су басып кету қаупі әлі де бар.  Құтқарушылар төтенше жағдайға дайындықты пысықтап, тікұшақтар мен 200-ге жуық арнайы техникасын әзірлеп отыр.

Жұрағат БАМАН