Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар арасында робот техникасы саласына қызығушылық артып келеді

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 2180

Балалар арасында робот техникасы саласына қызығушылық артып келеді. Көптеген орта және жоғарғы білім беретін оқу орындары ақпараттық технологияларды бағдарламалық жабдықтауға арналған ғылыми зерттеу орталықтарын ашуға кірісті.

Сүлеймен Демирел атындағы университет жыл сайын ондаған өнертапқыш пен шағын ғылыми жаңалық иелерін дайындап шығаруда. Сәуір айында «Информатика және есептеуіш техника» саласы бойынша кезекті халықаралық олимпиада жалауын көтермек.

Оған әлемнің 30-дан астам елінен өнертапқыштар жиналады. Осыған орай, қазақстандық жастар арасында «ашық есік» күні өткізілді. Бағдарлама жасау бойынша жастар зертханада жаңа технологияның қыр-сырын меңгеруді үйренді.

Сәтті жобаның иегерлері халықаралық сайыстарға барып, жұмыстарын көрсетеді. Білім ошағында өткен жылы Ай-ти мамандығын меңгерген қазақ баласының өнертабысына «Майкрософт» компаниясы қызығушылық танытып, оның еңбегін 30 мың АҚШ долларына сатып алған.

Айша Имантаева, студент:

Бұл робот берілген территориядан белгісіз заттарды, адамдарды тысқа шағарып тастау үшін қолданылады. Астыңғы сенсор арқылы ол өз аумағын белгілеп алады. Ал мына алдыңғы сенсорлар арқылы керексіз нысанды табады. Мұнда мысалы нысан тұрса, оны итере бастайды. Нысан өзге территорияға ығысқан соң өзгелерді іздей бастайды.

Омарбек Нұрбаулиев, ғылыми жетекші:

Елбасымыз айтқандай болашақта ғылыммен айналысатын, инновация жасайтын, өзіміздің жергілікті технологияларды пайдаланатын білімді маман осы жерде тәрбиеленіп жатыр. Оның бір үлгісі жыл сайын өткізілетін «Информатикс» жобалар жарысы. Биыл Қазақстанда үшінші кезеңі өтеді деп жоспарлап отырмыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ