Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы: «Сайлау - халық мүддесіне сай келетін дұрыс шешім»

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 1071

«Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қолдады. Бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның Саяси кеңесі бюросы отырысында Ассамблея ұсынысын мақұлдау жөнінде мәлімдеме қабылданғанын айтты. Еске салайық, өткен сенбіде Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісінде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеу жолдаған-ды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясы елдегі саяси күш ретінде аталған бастаманы қолдайды. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде. Дәл осы кезеңде тіпті әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалды қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алатын болады». Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды. 

Бауыржан Байбек,  Ассамблея көтерген президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім, деп санайды. Айтуынша, мұндай қадам қазірдің өзінде-ақ Парламент пен Үкіметті, орталық және жергілікті  басқару органдарын тастүйін жұмылдыруға жол ашады. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА