Русский Сайттың толық нұсқасы

«Роснефть» басшысы мұнай бағасы барреліне 110 долларға дейін көтеріледі деген сенімде

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 1098

Мұнай бағасының арзандауы оның өндірісіне қатысты бірнеше жобаның тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде қара алтын құнының барреліне 90-110 долларға дейін көтерілуіне әсер етуі ықтимал. Бұл туралы «Роснефть» басшысы Игорь Сечин Financial Times газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, «1985 жылы мұнай бағасы барреліне 20-30 доллар болған тұста, бұрғы ұңғымасына инвестиция құю тиімді болатын. Бүгінде әлгі ұңғымалардан шығатын мұнай көлемі еселене түсті. Сәйкесінше, шығынды ақтайтын баға да 60-100 долларға дейін артты».

Экономикалық сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасы жақын арада қалпына келіп, бір баррель құны 60-80 долларға бағаланады.  «Сонда ғана әлемге қажет ұңғымаларды бұрғылау тиімді болады», - дейді Сечин. Алайда, бағалы шикізат құны одан сайын құлдырай түссе, онда өндірістік жобалардың көбі уақытша тоқтатылады. «Ізінше бағалардың қалпына келуі біразға дейін созылып, ақыр аяғында 90-110 долларға дейін көтеріледі», - дейді Ресей мұнай компаниясының жетекшісі.

Айта кету керек, өткен жылдың жаз айынан бастап мұнайдың әлемдік бағасы 50 пайызға арзандаған болатын. Тәуелсіз сарапшылар мұны ұсыныстың шектен тыс артуымен түсіндіріп отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН