Русский Сайттың толық нұсқасы

Березовканың дауы бітер емес

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 757

Батыс Қазақстан облысындағы экология департаментінің қос бірдей басшысы қызметінен қуылуы мүмкін. Бұған осы облыстағы Березовка аулына экологиялық мониторинг стансаларының дұрыс орнатылмауы түрткі болыпты. Бұл жайында облыстық тәртіптік кеңесте белгілі болды. Жиында сөз алған облыстық табиғат қорғау прокуратурасының дерегінше, бұл құрылғылар тым биік орнатылған. Осының кесірінен экологиялық мониторинг стансасы Березовка аулында зиянды газдардың мөлшерден тыс таралғанын анықтай алмаған. Прокуратура дерегінше, нақ сол күндері мектеп оқушылары жаппай уланды.

Бұл аздай, қоршаған ортаға орасан зор мөлшерде зиян келтіргені үшін айыпталған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясына қатысты міндетті экологиялық аудит жүргізу туралы шешім қабылданбапты. Осыларды ескерген облыстық тәртіптік кеңес экология департаментінің басшыларын қызметінен босату туралы ұсыныс жасады.

Дәурен Тәжіғалиев, БҚО табиғат қорғау прокурорының аға көмекшісі:

Біз тәртіптік кеңеске шағынбас бұрын облыстық экология департаментіне Березовка аулындағы экостансалардың қаншалықты дұрыс орнатылғанын тексеруді ұсындық. Бірақ олар ешқандай тексеру жүргізбеді. Осы мәселені қарау туралы ҚР Премьер-министрі төрағалық ететін ведомствоаралық жұмыс тобы мен Энергетика министрлігіне ұсыныс жасалғасын ғана «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясына аталмыш стансаларды қайта орнату туралы хат жіберілді. Осылайша, облыстық экология департаментінің басшылары ҚПО компаниясының сойылын соққаны анықталды.

Арнайы құрылғыларды тексеру құзіреті Техникалық реттеу және метрология комитетіне берілгенін айтып ақталған экологтар бұл стансаның қандай биіктікте орналасқанын өлшеген прокурорлардың біліктілігіне күман келтірді. Экологтар осылай дауласып жатқанда, бүгін Берез аулында тағы да 18 адам есінен танып құлағаны туралы хабар жетті.

Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Дәрігер көмегіне жүгінген 18 адамның екеуі қазір ауруханаға жатқызылды. 8 және 9 сынып оқушылары. Олар өздерінің басы ауырып, басы айналғанын айтқан. Өздерін жақсы сезінгендер үйлеріне жіберілді. Егер қажет болса, олардың әрқайсысын жеке-жеке тексеріп, Астана және Алматы қалаларындағы емдеу орталықтарына аттандыруға болады.

Еркін КАРИН