Русский Сайттың толық нұсқасы

Зиянды қалдықтарды жою зауытының құрылысына павлодарлықтар қарсы

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 2144

Павлодар облысында салынатын зиянды қалдықтарды жою зауытының құрылысына жергілікті халық қарсы. Тіпті аймақтағы экологтардың өзі Энергетика министрлігінің бұл шешіміне аң-таң. Олардың пайымынша, өңірдің қоршаған ортасы онсыз да сын көтермейді. Жаңа жобаға қатысты тараптардың пікірін тыңдаған әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

2015 жылы Керекуде зиянды қалдықтарды жою зауытының құрылысы басталмақ. Бұл жайында жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Энергетика министрі жариялады.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі /11.02.2015 ж./:

Ағымдағы жылы Павлодарда қауіпті қалдықтарды жою зауытының құрылысы басталады. Бұл жобаға Дүниежүзілік банк қолдау көрсетпек. Биылғы жылы қолданыстағы заңдағы экология және жасыл экономика мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. 

Школьник мырзаның Елбасы алдында жеткізген бұл мәлімдемесін естігенде Светлана Могилюк таң қалдым дейді. Павлодар облыстық экологиялық Орхусс орталығының директоры бұл зауыттың құрылысы жайлы еш жерде талқыланбағанын айтады. Осыдан үш жыл бұрын мәселе көтерілгені рас. Бірақ сол кезде тиісті процедуралар сақталып, халық арасында ақпараттандыру жұмысы жүргізіледі делінген. Алайда, бұл тек сөз жүзінде қалса керек.

Светлана Могилюк, Павлодар облысы экологиялық Орхусс орталығының директоры:

Бұл жерде әңгіме өте қауіпті технология төңірегінде болып тұр. Әлемдік тәжірибеге сенсек, құрамында органикалық заттары бар қалдықтарды күйдіру тәсілі - өте қауіпті технология. Аталған әдіс қоршаған ортаға өте зиянды қалдықтарды, әсіресе адам денсаулығы үшін қауіпті заттарды шығарады.  

Светлана Могилюктің сөзінше, органикалық қалдықтарды жоюда қауіпсіз тәсіл әлемде кемде кем. «Дегенмен, күйдіру әдісін алмастырудың амалы бар. Әйтсе де, мұның өзі әлі талқылану үстінде», - дейді эколог. 

Светлана Могилюк, Павлодар облысы экологиялық Орхусс орталығының директоры:

Әуелде жаңа зауытты Семей полигоны аумағында салу мәселесі қарастырылды. Ол жер онсыз да ластанған және жақын маңда елді мекендер де жоқ. Бірақ жобаны әзірлеушілер полигонда инфрақұрылымның жоқтығын меңзеп, мұның экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін айтты. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біздегі басты байлық - адам денсаулығы. 

Маслихат депутаты Гүлнар Досжанова, Қазақстанда органикалық қалдықтарды жою мәселесі 2013 жылы көтерілгенін айтады. Алайда, бұл технологияның қауіптілігін түсінген отандық, Шығыс және Орталық Еуропаның экологтары зауыт салынатын өңір тұрғындары пікірін ескеру қажеттігін айтқан-ды. «Бұл қалыптасқан ереже. Сондықтан жобаны бастамас бұрын, халықтық тыңдалым өткізу керек еді», - деді.  


Гүлнар Досжанова, Павлодар облыстық мәслихаттың экология және қоршаған орта комиссиясының төрағасы:

Павлодар облысында тұрып жатқан кісілердің пікірін білу керек. Қалай ойлайды, сондай зауыт бізге керек пе? Қалай ол зауыт біздің денсаулығымызға, ауа-райына, экологияға қандай әсері болады.

Жаңа құрылысқа қатысты павлодарлықтардың пікірі әр қилы. Дегенмен, тұрғындардың басым бөлігі жобаның іске қосылуына қарсы. Тіпті өңірде тағы бір зиянды кәсіпорын ашылса, туған жерінен үдере көшуге әзір отырғандар да жоқ емес.

Я просто, может быть, уеду. Для меня мои дети и здоровье детей дороже. 

Шыққан қоқыс, қаладан, үйден, соның бәрін бір жерге жою керек апарып. Ол ашық жатпау керек.

Если такой нужен завод, наверняка, строить надо. Но далеко за пределами города.

Экологтардың пікірінше, бұл әрекет Қазақстанды Орхусс конвенциясының талаптарын бұзуға итермелейді. Әсіресе құрылысты қала маңында бастау - қателік. Сондықтан эксперттер жобаға қатысты нақты шешім жан-жақты зерделеніп, қабылданар деген сенімде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ