Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияның сыртқы саудадан түсетін табысы азайған

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2016
  • 2299

Түркия билігі сыртқы саудадан түсетін табыстың азайғанына алаңдаулы. Елде жұмыссыздар көбейіп кете ме деген қауіп бар. Әлемдегі қаржылық қиындықтар экономикаға салқынын тигізіп отыр, одан бөлек ел ішінде туындаған мәселелер де жетерлік. Дүниежүзіндегі экономикасы дамыған 20 елдің қатарына кіретін Түркия, былтыр толағай табысы мен тұрақты дамуы жағынан төртінші орынға тұрақтаған.  

Жергілікті сарапшылар пікірінше, Түрік экономикасы үшін былтырғы жыл айтарлықтай ауыр болды. Шартараптағы дағдарысты айтпағанның өзінде, ел ішіндегі тұрақсыздық, жарты жылдан аса үкіметтің құрылмауы Түркия экономикасының қарыштап дамуына тұсау салғандай болды. Тағы бір ауыр соққы - жыл соңында негізгі серіктесі Ресеймен барлық салада байланыстың үзілуі.

Түркияның экономика саласына жауапты вице-премьері Мехмет Шимшек жыл басынан бері жиі жиын өткізіп, тығырықтан шығудың жолын іздеп әлек. Себебі биыл елдің даму индексі төмендеп, кіріс көзі азайып кете ме деп қауіптенеді. Құны аспандап тұрған АҚШ валютасы да үлкен мәселеге айналған.

Мехмет Шимшек, Түркия премьер-министрінің орынбасары:

2015 жылы елдегі инфляция 8.8 пайызды құрады. Мақсат - оны 7.5 пайызғы төмендету. Дағдарыс дауылы Түркияның сыртқы сауда экономикасын теңселтіп кетті. 2014 жылы ол 84.6 млрд долларды құраса, былтыр 63.1 млрдқа төмендеген. Ал осы жылға жасалған болжам - 55.2 млрд АҚШ валютасы.

Түркия - туризм мен тоқыма өнеркәсібінен толағай табыс тауып отырған ел. Биыл Анадолы жеріне келетін туристер азайып, түрік тауарына да сұраныстың төмендеуі елдің дамуына айтарлықтай әсер етіп отыр.

Гыясеттин Эюпкожа, «Лалели» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының төрағасы: 

Сарапшылардың мәліметінше, әлемдік қаржы айналымы 7 триллион долларға төмендеген. Бір бөлшегі біздің экспортқа тиесілі. Түркияда мұнай өндірілмесе де, мұнай сататын елдермен экономикалық тығыз байланыста. Сондықтан қара алтынның арзандауы салқынын тигізуде. Бірақ мүлде құр қол қалдық деуге болмас. Елге инвесторлардың келуі тоқтаған жоқ, шетелге тауар шығарып, қаржы құйып жатқан кәсіпкерлер де бар.

Ресей үкіметінің экономикалық санкциясынан соң түріктің кәсіпкерлер қауымы жаңа нарық іздеуге мәжбүр.

Мұхаммед Санжактар, кәсіпкер:

Кіріс кеміп, кәсібіміз сәл тұралап қалды. Өйткені негізгі сатып алушы мемлекеттердің жағдайы қиындап, тауарға сұраныс төмендеді. Қиындықты жеңу үшін, басқа нарықпен келіссөз жүргізудеміз.

Иранның санкциядан босауы түрік кәсіпкерлерінің үмітін оятқандай. Себебі 80 миллионнан аса халқы бар оңтүстіктегі көршісі - Түркия үшін жаңа нарық.

Самат СҮЛЕЙ