Русский Сайттың толық нұсқасы

Кеншілер мен металлургтер жалақыларын толық алды

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2015
  • 856

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының шахтерлары мен металлургтері жалақыларын толықтай қолдарына алды. Айлық әдеттегі берілетін мерзімінен кешіктірілгендіктен, пайыздық өсімімен қоса төленген.

Бұл жайында арнамызға
«Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязов айтты. Ұйымның дерегінше, «Арселор Миттал Теміртаудың» 30 мыңнан астам жұмыскер-кеншілері мен металлургі жалақыларын алған.

Кәсіподақ ұйымдары компанияның бұл әрекетін Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан жасалған сын мен қысымнан кейінгі мәжбүрлік деп бағалауда. Себебі, айлықты толық төленгенімен, компания басшылығының ақпан басында шығарған, жалақыны бөлшектеу туралы бұйрығы күшін әлі жойған жоқ, деді.

Бұл құжатта ақпанда инфляцияға сай жалақыны қайта есептеу туралы да жазылған.

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Бүгінде жалақы ұжымдық келісім-шартта көрсетілгендей, үстемесімен бірге 100 пайыз төленді. Десе де, компанияның айлықты бөлшектеу туралы 63-інші бұйрығы әлі өз күшінде. Оны жоюға күш саламыз. Компанияның үкіметпен арадағы мәселені шешуде жұмыскерлерді араластыруы мүлде дұрыс емес. Әркім өз ісімен айналысуы тиіс. Кенші көмір қазса, металлург болат құяды. Ал, үкіметтен қосымша құн салығын алатын адам ол сұрақты өзі шешсін.

Еске салайық, 2-ші ақпанда компания басшылығы қаражат тапшылығын, әлемдік дағдарыс пен металл саудасының азаюын сылтауратып, жұмыскерлер жалақысын бөліп төлейтінін мәлімдеген еді.

Тіпті, Үкіметтен қосымша құн салығы бойынша төленген 12 млрд теңгенің қандай да бір бөлігі тимейінше, 2-3 ай бойы жұмыскерлерге толық жалақы бере алмаймын, деп мәселені төтесінен қойған болатын.

Келіссөздер нәтижесінде Үкімет «Арселлор Миттал Теміртауға» бұған дейін төлеген қосымша құн салығынан 4,2 миллиард теңге соманы қайтаруға келісті.

Айжан ҚУАШ