Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбеков алғашқы халыққа есеп беру кездесуін өткізді

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2015
  • 1681

Елорданың экологиялық жағдайы қандай? Жырға айналған тұрғын үй және «алданған» үлескерлер мәселесі қашан шешіледі? Жанармай бағасының төмендеуіне байланысты, қоғамдық көлік бағасы түседі ме? Бүгін бас қала әкімі Әділбек Жақсыбеков бірінші халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Халықтың мұң-мұқтажын, түйіткілді мәселелерін тыңдаған шаһар басшысы қойылған сауалдардың барлығына жауап беруге тырысты. 

Елордалық әкімнің алғашқы есеп беру кездесуіне жиналғандар қарасы көп. 1600 адамға дейін сыятын Конгресс-холлда ине шаншар жер жоқ. Бас шаһардың басшысы ауысса да, әлеуметті толғандырған мәселелер өзгерген емес. Қала тұрғындары баспана, тұрғын үй мәселелерін көтерді.

Жатақханада тұрамын 25 квадратта. Осы уақытқа дейін 16 жыл болды департаментте кезекте тұрмын. Лукин біледі. Пәтерім жоқ.

Баяғы кеңес үкіметінде салынған екі қабатты тұрғын үй. Осы үйлер қашан бұзылады екен, біз қайда барамыз?

Ғалия Жүсіпова да баспанасыз жүргендер қатарында. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша көп қабатты үй құрылысына 2012 жылы үлескер болған. Пәтер құнының 100 пайызын төлеп, уәде етілген 3 жылын күткен ол, пәтердің өзіне емес, әкімдікке тиесілі екенін естіген. Үлескерлердің айтуынша, мердігердің кесірінен осы жобадан төрт жүзден астам үлескер сырт қалған.

Ғалия Жүсіпова, үлескер:

2012 жылы осы пәтер аламын деп, мына ТОО «Орал - дизайн-стройсервиске» ақша төлегенмін. Енді үшінші жыл болды, аяғымнан аяқ қалған жоқ, денсаулық та, жүйке де - бәрі тозды. Біздің пәтерлер тағы бір адамдарға сатылған. 

Сауалға жауап берген Астана әкімі үлескерлердің үмітін бірден үзді. "Мердігерлермен шартқа отырар алдында жергілікті әкімдіктен кеңес алу қажет. Құқықтық сауатты арттыру керек", - деді Әділбек Жақсыбеков. Алданған үлескер арасында әкімдіктің де өз қызметкерлері бар болып шықты. 

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Попадают в ситуации, потом приходят в акиматы, государственные органы, в прокуратуру и бьют себя в грудь, помогите. До этого надо было просить о помощи, прийти в акимат, проконсультироватся. Какой застройщик? Кто это? 

Халықты толғандыратын мәселелер арасында жанармай бағасының төмендеуіне байланысты, қоғамдық көліктегі жол ақысы арзандай ма деген сұрақ қойылды. 

Жанармай төмендеді, жол ақысы төмендей ме?

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Барлығы қала транспортының жүйесімен байланысты. Ол тек ғана бензин мен топливомен байланысты емес.

Жақсыбеков қаланың экологиялық ахуалына да тоқталды. Соңғы кездері елорданың аспанын да көк түтін басатын болды. "Мәселені шешу үшін, көліктерді техникалық байқаудан өткізу талабын қатаңдатып, жеке секторларда көмір тұтынудан бас тартып, электр қуатына көшуге үндеуіміз керек", - деді әкім. 

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Владелец коттеджа экономит. И топит углем. И считает, что это дешевле. Я предупреждаю, мы будем жестко бороться, особенно с Юго-Востоком, Коктал. Вы уже сейчас готовьтесь, что от угля будем отказываться.

Елордалық әкімнің алғашқы халық алдындағы есебі төрт сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында жұртшылық бар мүмкіндікті толық пайдаланып, жұмысқа орналасу, тұрғын үй, бала-бақша, әлеуметтік қажеттіліктерге қатысты сауалдарын қойып, разы-хош тарқасты. Жауапсыз қалған сұрақтар да мол. Бірақ әкім қалған сұрақтарға қалалық атқарушы органдар жауап беретінін айтты.

Жұрағат БАМАН