Өңірлер
басшылары да бүгін халық алдындағы есебін беріп, қай-қайсысы болса да өткен
жылғы жұмысына жоғары баға беріп шықты. Биыл алғаш рет Қызылорда облысы
әкімінің есебі онлайн режимінде өтті. Ғаламторы бар шалғайдағы аудан-ауыл халқы әкіммен тілдесті. Ал Қостанай облысының шенеуніктері үшін денсаулықтарын
тексертуге мүмкіндік туды. Аталған екі облыстан бөлек, Павлодар, Батыс
Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан аймақтарының басшылары халықпен кездесті. Есеп
беру жиындары жайлы келесі бейнематериалда.
Қызылордада
Сыр өңірі ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету бағдарламасының тұсауы
кесілді. Облыс әкімінің есебіне келгендер Жаңақорған және Арал аудандарын
табиғи газ желісіне қосу рәсімін онлайн режимде бақылады. Өңір басшысы жыл
соңына дейін облыстағы елді мекендердің 70 пайызы көгілдір отынмен қамтылатынын
айтты.
Қырымбек
Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
Бүгінде
бес автоматтандырылған газ тарату станциялары құрастырылып, құрылыс монтаж
жұмыстарына дайын болды.
Айта
кету керек, бұл жолы аймақ басшысының ел алдындағы есебін шалғай ауыл
тұрғындары да онлайн режимінде тыңдады. Тіпті байланысқа шығып, сауал қоюға
мүмкіндік алды.
Ал
Павлодарда облысы әкімінің есебінде рубльдің құлдырауы салдарынан бірқатар
кәсіпорындар Ресейге шығаратын өнім деңгейін қысқартқаны белгілі болды. Қанат
Бозымбаев көрші елдегі экономикалық жағдайдың қиындауы жергілікті нарыққа кері
әсерін тигізіп отырғанын айтты. "Өйткені аймақтағы тауар айналымының 65
пайызы Ресей нарығына тікелей тәуелді", - деді әкім. Жергілікті
кәсіпорындар рубль бағамының төмендеуінен біраз шығынға ұшырағанын да
жасырмады.
Қанат
Бозымбаев,
Павлодар облысының әкімі:
Екібастұздық
ГРЭС-1 кәсіпорны рубльдің құлдырауы салдарынан Ресейге электр энегриясын сатуды
тоқтатты. Ал «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Восточный» разрезінің көмірі Ресей
тұтынушыларына өз бағасымен саудалануда.
Батыс
Қазақстан облысының әкімі болса, өзіне қойылған түрлі сауалдарға жауап беру
кезінде Орал әуежайының ұшу-қону алаңы төңірегіндегі дауға тоқталды. Өңір
басшысының сөзінше, бұған мүдделер тартысы түрткі болған. Бұл тартыс әкімнің
сөзінше, өңірдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізіп отыр.
Нұрлан
Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл
даудың шығу себебін - Орал әуежайы мен «Бек Эйр»
әуе компаниясының басшылығы бір адам екендігімен түсіндіруге болады. Өздерінің
табысына өзгелерді ортақтастырғысы келмеген олар осындай шу шығарып отыр. Менің
білуімше, бүгінде тағы бір комиссия құрылған. Бұл іске олар нүкте қоймақ.
Алайда жолаушылардың қауіпсіздігін біз бірінші орынға қоямыз.
Ал
Оңтүстік Қазақстан облысы халқын әлемдік дағдарысқа байланысты әлеуметтік және
кәсіпкерлік сала қалай қаржыландырылатыны алаңдатады. Аймақ басшысы аса қауырт
емес құрылыс, жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру арқылы 19,3 млрд теңге қаржыны
үнемдеп отырғандарын айтты.
Асқар
Мырзахметов, Оңтүстік
Қазақстан облысының әкімі:
19,3
млрд теңгені қазір бірінші кезекте осы өндірісті алған қарқынын кемітпеу үшін,
шағын несиелерді беру үшін, бір жағынан, екінші жағынан, сегіз аудандағы газ
мәселесін шешуге байланысты осыған қазір бірінші кезекте осы қаржыны жұмсағалы
отырмыз.
Қостанай
облысы әкімі жергілікті атқамінерлердің іс-сапарларын азайтуды көздеп отыр.
Жалақының да өспейтінін, инвестициялық жаңа жобаларға ақша бөлінбейтінін кесіп
айтты. Есесіне биыл 6 миллиард теңге көлемінде қазына қаржысын үнемдеуді
жоспарлап отыр.
Нұралы
Садуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Басталған
жобалардың бәрі 2015 жылы жалғасын табады.
Әкімнің
есебін тыңдауға келген қостанайлық шенеуніктер бір сәт денсаулықтарына көңіл
бөлуге мүмкіндік алды. Алғаш рет оларға арнайы медицина бұрыш ұйымдастырылып,
атқамінерлер қан-қысымы мен көру қабілеттерін бір тексертіп алды.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ