Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауғанстанда соғысқа қатысқан әйелге әлеуметтік көмек қажет

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2015
  • 1486

Алматыда ауған соғысына қатысқан әйел көмекке мұқтаж. Қандағар түбіндегі шайқаста жарымжан болған Нүрия Шаманова жұмыс таппай жүр. Соғыста екі көзінен айырылған әйелге қазір тек қаруластары көмектесіп тұрады. Бүгін де оған майданда бірге болған жолдастары қаржылай көмек қолын созып, көңілін аулауға тырысты. Азғантай ғана жәрдемақыға күн көріп жүрген ардагердің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп қайтқан әріптесім Ришат Асқарбекұлы тарқатып айтады. 

Нүрия Шаманова жақында алпысқа келеді. Ол қылшылдаған шағында Кеңес әскерінің сапында өз еркімен соғысқа аттаныпты. Кеңес одағы әскерінің Ауғанстан аумағындағы қақтығысында Қандағар түбінде жараланған жауынгерлерге көмек көрсетіп, кескілескен ұрыстың бел ортасында жүрген. Сондай ұрыстардың бірінде гарантаның жарықшағы тиіп, екі көзінен ауыр жараланады. 

Нүрия Шаманова, Ауған соғысының ардагері:

Мен Ауғанстанға бара салған соң-ақ атыс-шабыстың ортасында қалдым десем болады. Қорқынышты болды. Қанша дегенмен, әйелмін ғой. Екі жылдай жүрдім, үшінші жылға қалғым келген. Бірақ анам бой бермей, шақыртып алды. 

Жақында Нүрия Шаманова көзіне кезекті операция жасатқан. Сондықтан жексенбі күнгі Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылу құрметіне орай өткен шараға да бара алмапты. Есесіне оның қаруластары науқастанып қалған ардагерге қаржы жинап, бүгін өздері үйіне әкеліп табыстады. Ай сайын бюджеттен берілетін 12 мың теңге жәрдемақыдан өзге табысы жоқ әйел әлеуметтік көмекке зәру.

Әли Дабылбеков, Алматы қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы:

Мен кеше ғана ардагер жігіттерге хабарласып, Нүрия Қысметқызының жағдайын айттым. Бәрі таниды, сыйлайды. Сосын қаржы жинап әкелдік. Ол соқыр емес. Бірақ өте нашар көреді. Жұмыс істеуге қабілетсіз. Біздің арамызда осындай ардагерлердің 80 пайызы жарамсыз жұмысқа. 

Ауған соғысының ардагері Нүрия Шаманова жалғыз тұрады. Осыдан екі жыл бұрын бұзақылар оның пәтерін тонап кеткен. Ұрылар бағалы бұйымдары мен қанқұйлы соғыста алған түрлі төсбелгілерін де қолды қылыпты. Нүрилә Қысметқызы жақында жасалған отадан оңалған соң, жұмыс істеп, өзін-өзі асырауға ниеттеніп отыр. Жергілікті жұмыспен қамту орталығы да интернационалист-жауынгерге көмек қолын созуға дайын. 

Мұса Әбдірайымов, Жетісу аудандық әлеуметті жұмыспен қамту бөлімінің басшысы: 

Былай келіп, жұмыс істеймін дейтін болса, бізде жаңағы мекемелердің берген жұмыс орындары бар. Келіп тізімді қарап, соның ішінен таңдап, өзіне алуға болады. 

Қазір Қазақстанда ауған соғысының шамамен 18 мыңға жуық ардагері бар. Бірақ олардың арасында интернационалдық борышын өтеуге аттанған әйелдер туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан Нүрия Шаманованың сол кездегі ерлікті істерін жас ұрпаққа қашанда үлгі етуге болады, дейді оның қаруластары. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ