Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Қазақстан бокс федерациясының кеңейтілген алқа отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2015
  • 804

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Дубай қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалынан тыс қалды. Дәрежелі жарыстың үшінші кезеңінде еліміздің бірінші ракеткасы Ресей теннисшісі Екатерина Макароваға екі сетте есе жіберді. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов жалғастырады.



Астанада Қазақстан бокс федерациясының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Басқосуда 2014 жыл қорытындыланып, 2015 жылға жоспар нақтыланды. Жылқы жылы Қазақстан бокс үшін сәтті болды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстанның ерлер құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді ұтып алып, командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Еліміздің әйелдер боксы тарихында Назым Қызайбай әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Федерация тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырған "Астана Арландары" командасы бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын абыроймен қорғауда. Сондай-ақ, "APB" турнирі аясында сынға түскен Берік Әбдірахманов чемпион атанып, Рио де Жанейро қаласында өтетін олимпиада ойындарына жолдама ұтып алды. Осы жетістіктерді ескере отырып, бокс федерациясының басшысы былай деді. 

Тимур Құлыбаев, ҚР Бокс федерациясының президенті:

Өткен жыл біз үшін сәтті болды. Біз алға қойған мақсаттарымызды орындадық. Азия ойындарында ерлер командасы бірінші орын алды. Әйелдер арасынан отандасымыз әлем чемпионы атанды. Жастарымыз Болгарияда өткен жарыста топ жарды. Бұл үлкен жетістік. Алда Олимпиада ойындары келе жатқанын ескерсек, біздің жұмысымыз дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын көрсетеді. 

Сондай-ақ, Халықаралық бокс федерациясының шешімімен Данияр Елеусінов жыл боксшысы атағына қол жеткізсе, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов үздік бапкер деп танылды. 



Велоспорттан «Оман» туры басталды. Бірінші кезеңде командалар 161 шақырымнан тұратын жазық жолда сынға түсті. Бұған дейін өткен Дубай және Қатар турларында жүлделі орынан көрінген «Астана» велокомандасының спортшысы Андреа Гуардини қарсыластарының алдын орап кетті. Межелі жерге санаулы метрлер қалғанда жалпы топтан суырылып алға шыққан Қазақстан командасының спринтері мәре сызығын бірінші болып кесті. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен Бельгия спортшысы Том Бонен екінші орынға жайғасса, үшінші сатыны «Бора Аргон» клубының өкілі Патрик Конрад еншіледі. «Астана» командасының қалған спортшылары жарысты пелотонның ішінде аяқтады. Бұл жетістігінен кейін Андреа Гуардини жалпы есепте жарыс лидерінің қызыл жейдесін иеленді.

Самат ҚАНАҒАТОВ